Руханият • 24 Қараша, 2020

Алаш дастаны хақында

31 рет көрсетілді

Алаш қозғалысы мен оның жеңісті шыңы – Алашорда үкіметі хақында неше алуан зерттеулер, ғылыми еңбектер мен тарихи-танымдық шығармалар жарық көріп жатқаны белгілі. Солардың ішінен жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың он бөлімнен тұратын, үш томға жинақталған «Алашия» рисәләсі жайында бірер сөз айтпақпыз.

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қаламгердің бұл деректі-көр­кем, тарихи-танымдық туындысына қазақ азаттық қозғалысының тууы, даму барысы және қол жет­кізген нәтижесі арқау болған. Кең көлемді дастан, эпопея типтес шы­ғармада еліміздің империя отары ахуалындағы жай-күйі, халықты жер-судан, ұлттық рухани санадан айыру саясаты дәуірлеген кезеңдегі саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілігі, жалпыреволюциялық қоз­ғалыс толқынында өзге ұлт­тар­­мен қатар бастан кешкен оя­ну үдерісі, сөй­тіп Алаш қоз­ға­лысының бодандықта өмір сүріп жатқан түркі-мұсылман ха­лықтары қозғалысымен бірге өрістеуі барысында, ХІХ ғасырда жоғалтқан мем­лекеттілігінің 1917 жылы қайта жаң­ғыруы баяндалады. Тарихы отарлық ке­зеңнің ақырғы мүшелін (1905 жылдан 1917 жылға дейінгі мерзімді) қамтитын, им­периядағы жалпыреволюциялық қоз­ғалыспен астасқан Алаш қозғалысы сынды осы ерен де ерек құбылысты автор бүгінгі дербестігіміздің, мем­лекеттік тə­уелсіздігіміздің ірге­тасына балайды.

Кітаптың алғысөзінде автор рисəлəні құрайтын туындыларды қандай да бір əдеби жанрға жіктемей, əр шығарманы өзінше бір этюд, рисəлəнің бір бөлігі деп санайтынын атап өтеді. «Рисəлə тұңғыш рет өмірге, сол заманғы қолданылу ретіне сай, жолдау деген мағынамен келген, біртіндеп араб, парсы, түрк қарасөзінің өзін­дік жанрының атауына айналған бола­тын», деп жазады ол. Осы атау­ды жанр ретінде жаңғырту ние­тімен және өзінің ойына алған мақсатына қызмет етеді деген сеніммен топтамасын рисəлə деп атағанын, өйткені өзіне оның түпкі мағынасы ұнайтынын айтады.

«Алашия» рисəлəсі жалпы­ре­сейлік революциялық қоз­ғалыспен, империядағы жалпымұсылмандық қозғалыспен астаса дамыған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тууын жəне оның Алашорда шаңырақ көтергенге дейінгі өрістеуін, тиі­сінше, қазақ қоғамдық-саяси ойының дамуы­н көрсететін жеке-жеке бөлімдерге жік­телген тарихи-танымдық он этюдтен тұ­рады. Алғашқы томға солардың үшеуі енген. «Аңсау» атты алғашқы бөлі­мінен бастап, еліміздің бостандық үшін жаңа тұрпатты күреске бет бұрғаны нақтылы тарихи деректер арқылы суреттеледі. Қазақ да­ласындағы маусымдық ірі сау­да-саттық орындарының бірі – Қоян­ды жəрмеңкесінде 1905 жылы өткен халық жиыны іс жүзінде біз бүгінде Алаш қозғалысы деп атап жүрген құбылыстың – ұлт азаттығын көксеген жаңа тұрпатты күрестің бастапқы ірі белесі болатын. Халық жиынына қатысқан, рисәләнің негізгі кейіпкерлерінің бірі – Еркіндік есімді жасамыс адам. Ол отаршыл өкімет қазақ елін душар еткен қиындықтарды қаршадайынан бастан кешіп келе жат­қан қарт еді. Империяның қилы жолмен қазақ жеріне сұ­ғына енуі елді ұлттық езгіге, əлеу­меттік күйзеліске ұшыратты. Сол шақта Еркіндік ауыр тұрмыс ашын­дырған жұрт ішінен өкіметке қарсы қол бастап шығып, сонысы үшін каторгаға айдалған бо­ла­тын. Каторгадан бірінші орыс революциясы оқиғалары ке­зінде қашып шығып, елге келген беті еді. Айдауда жүргенде Ер­кіндікті революция жаңа кү­реске жігерлендірген-тін, алайда оның тағы да жұртты көтерсем деген құлшынысын аймақтағы дәу­леттілер құптамайды. Олар не­гізінен орыс оқуын тауысқан жастарға сенім білдіретін. Ал оқыған жігіттер үкіметке арнайы тілекхат жазуды қолға алған болатын. Қарт каторожник олардың ниетін ə дегенде қабыл алмай, біртіндеп қана бет бұрады. Бұған ереуіл кезінде жазалаушы жасақ қолынан қаза тапқан жауынгер серігінің ұлы, өзінің баласы іспетті Өтеміс есімді жас жігіт ықпал етеді. Ол жəрмеңкеге келе жатқан (Əлихан Бөкейхановтың жас ке­зін елестететін) оқымыстының əңгімесін тыңдау барысында, сол таңдағы азаттық қозғалысы жайын­да алғаш мағлұмат алған еді. Албырт бозбала жəрмеңкедегі күндерде аңсаулы өзгеріс рухына өзі бейімделіп қана қоймай, Еркіндік көкесін де соған тартады. Үкіметке петиция дайындау жəне оған көпшіліктің қол қоюы кезінде қарт көтерілісшінің оларды қолдағаны соншалық, патша үкіметіне жазылған ұжымдық хатты Қарқаралы поштасы импе­рия астанасына жіберуге қабыл­дамай қойғанда, оны Дала өлке­сінен тысқары, ішкі Ресей қала­ларының біріне жеткізіп, поштаға салуды өз міндетіне алады.

Қазақ даласына отарлық дəуір­дің қалай орныққанының тікелей куəгері Еркіндіктің жастайынан кеудесіне кек байланған болатын. Жеткіншек шағында отаршыл атты əскер құм ішіндегі ауылын шапқаны, олардың шаңырақты үй ортасына түсіріп ойрандағаны, желкілдеп өсіп келе жатқан тете əпкесін қылышын жалаңдатқан зұ­лымның қорлағаны ешқашан көкейінен кеткен емес. Сондағы əке-шешеден, туыстарынан айырып, өз тағдырын күрт өзгерткен нақты жауын ол ондаған жылдардан соң осы жəрмеңкеде көреді. Байырғы қаскүнем – түбіт мұрт əскери жігіт бұл кезде қалтаңдаған шалға айналған, ол осындағы үлкен ұлықтың əкесі екен. Еркіндік одан, өзінің жеке дұшпанынан өш алуға ниеттенеді. Алайда нағыз жеңіске жету үшін бұл аздық етер еді. Қарт соны түйсінеді. Дұш­панды шындап жеңу үшін күллі көзі ашық жұрт бірлесіп көтерілуге тиіс. Озбыр отаршыл өкіметпен ел болып күресу керек, бəрінен осы маңызды. Осындай ойға ұйыған қарт та, оның баласы сынды Өтеміс те сол жылғы жаз со­ңында тарихи тұлғалармен бірге Нижний Новгородқа барады. Ока өзені айдынында қал­қы­ған пароход үстінде өткен мұ­сылмандар съезіне қатысады (бұл жайт «Тамыр» атты екінші бөлімде суреттеледі). Бұдан кейін, 1905 жылғы күздің соңғы айында оларды Қарқаралы өңіріндегі ел басқарудың республикалық режіміне бет бұрған оқиғалар іші­нен көреміз. Ал қыс түсе олар Нілді кенішінде шетел капита­лис­теріне қарсы қазақ-орыс ода­ғын құрып, күресуге бел буған жұ­мысшылар толқуына, жыл соңына қарай Оралдағы тұңғыш қазақ саяси партиясын құрушылар құрылтайына қатысушылар ішінде жүреді. Бұлармен бірге тосын революциялық көзқарастағы Жа­сай атты оқыған жігіт бейнесі, оның билік өкілдерімен жəне им­перияшыл құрдастарымен, Оралда құрылмақ саяси партия белсенділерімен қақтығысы ал­ғашқы орыс революциясы жыл­дарындағы жаңаша қа­лып­тасуға бет алған ұлттық қоз­ғалыс сипатын толықтыра түседі (бұ­лар «Айбат» бөлімінде әңгімеленген). Аталған бөлімдерде жалпыресейлік мұ­сылман қозғалысының кү­шеюі, қазақ қай­раткерлерінің қаты­суымен ашық əре­кетке шығуы («Тамыр»), жаңа өрке­ниетке сай демократиялық өзгерістер үшін күресу барысында қазақ жерінде еліміздің болашақ қоғамдық-саяси келбетінің алғашқы көріністері қалай туғаны («Айбат») көр­сетіледі. Рисәләнің бірінші то­мына енген осы үш бөлімде, жоға­рыда айтқанымыздай, қазақ дала­сының жаңа саяси күрес жолы­на түсуі, жалпы түркі әлемімен мұрат­тас­тығын айқындап, күрес жолдарын бел­гілеуі, елдікті жаң­ғыр­тудағы болашақ сая­си құ­рылым жобаларын түзуі сөз болса, келесі томдағы төрт бө­лім­де («Ақ бата», «Мұнара», «Са­ғым», «Тұмылдырық») ха­лық өкіл­де­рінің империядағы заң шы­ғарушы мекемеге көзқарасы, артқ­ан үміті, қазақ мұңының Бі­рінші Мемлекеттік дума мінбе­рінен көтерілуі, ұлт үшін өзек­ті мә­селелердің Екінші Думада қа­ралуы, ақырында Үшінші Думада қазақ қай­раткерлері жүргізген парламенттік кү­рестің тоқырауы туралы әңгімеленеді. Соңғы том­­дағы үш бөлімге («Жекпе-жек», «Шабуыл», «Мәңгі бас­тау») ел мүд­десін көздеген зия­лы­лардың Он алтыншы жыл кө­терілісіне орай империяның биік орын­дарындағы, Төртінші Думадағы кү­рес­тері, патшаның тақтан түсуіне байланысты туған жаңа саяси мүмкіндіктерді пайдалану мақ­сатындағы іс-әрекеттер, жал­пықазақ құрылтайлары, қозға­лыстың квинтэссенциясы секіл­денген жұлдызды сәт – Қазақ Орда­сының жалғасы іспетті Алаш Ордасының дүниеге келуі арқау болған.

Рисәләда орыс отарына ай­налған түркі халықтарының (қырымлы, татар, башқұрт, әзер­байжан, өзбек, қазақ) озық өкілдері орыс мүддесіне адал қызмет ете жүріп, қаналған жұртының мұң-мұқтажын терең сезінгені, тиі­сінше, ұлттық қозғалыстың өркениетке сай өрбуіне елеулі үлес қос­қаны айтылады. Солардың қатарында империяның орыс емес халықтарын бас­қару ісіне, Мем­лекеттік думаға отар ха­лықтардан өкілдер сайлаудың заңнамада қарастырылуына атсалысқан генерал Ғұ­байдолла Жәңгірханұлы Шыңғысхан, түркі халықтарының тіл, діл, дін және істе бірлігі болуын көздейтін ағарту бағытында өте елеулі жұмыстар атқарған Ыс­майыл Гаспринский бар және Алаш қозғалысының әр кезеңінде ел ішіндегі азаматтармен бірге әрекет ететін тарихи тұлғалар іші­нен Әли­­хан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһ­мардан Қосшығұлов, Сәлімгерей Жан­төрин, Құтлұмұхамед Тевкелев, Шаһайдар Сыртланов, Тимофей Седельников, Ах­мет Бірімжанов, Ильяс Бораганский, Ра­шид Иб­рагимов, Мұстафа Шоқаев, Жа­һан­ша Досмұхамедов, Ғаяз Исха­ков, Зәки Валидов, Ахмед Цаликов, сондай-ақ Ресей империясының ІІ Николай патша, премьер-министр Петр Столыпин, Төртінші Дума төрағасы Михаил Родзянко, Мем­лекеттік дума мүшесі, «Ең­бекшілдер» фрак­­циясының төр­ағасы Александр Керен­ский се­кіл­ді мемлекет және қоғам қай­раткерлерін де кездестіреміз.

«Алашия» рисəлəсі 1905 жыл­­ғы петиция науқанынан бас­тау алып, бірте-бірте дамыған қазақтың жаңа тұрпатты азат­тық қозғалысы мен сол жол­да­ғы маңызды оқи­ғаларды бей­не­лейтін Алаш дəуір­намасы іс­петті. Трилогияның жекелеген бө­лімдерінің бастапқы нұсқалары мен үзінділері әр кезде қағаз және электронды БАҚ беттерінде, әртүрлі кітаптарда жа­­рияланған. Толық нұсқасы тұңғыш рет «Алашия» үштомдығы ретінде 2018 жылы «Рух БГ» баспасынан жарық көрді. Аталған тари­хи дастан біздің бүгінгі ойлы жастарымыздың отаншыл, мем­ле­кетшіл болып өсуіне сеп­тесе­тініне сені­міміз кәміл.

 

Балжан ХАБДИНА

 

Соңғы жаңалықтар

Соққан жел нысандарды қиратқан

Аймақтар • Бүгін, 17:16

Атырауда қанша қайыршы бар?

Аймақтар • Бүгін, 14:35

Сочиде сайысқа түседі

Спорт • Бүгін, 13:28

Ұқсас жаңалықтар