Қоғам • 23 Қазан, 2020

Өсімдік майы қымбаттаған

12 рет көрсетілді

Өскемен өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасының өскені байқалған. Атап айтсақ, ұн, қант, жұмыртқа, күнбағыс майы қымбаттаған. Сондай-ақ тауық етінің бағасы да жоғары.

 

– Үйдің жанындағы дүкенге бір кіріп-шыққанның өзінде ке­мінде 5 мың теңге жұмсайсың. Сондағы алатының күнделікті тұтынатын азық-түлік – нан, жұ­мыртқа, күнбағыс майы. Ірік­тел­ген кесек жұмыртқаны 430 тең­геге алдым. Баға қайда кетіп барады, – дейді өскемендік зейнеткер Бикамал Құралова.

Баға бағынбай барады. Мәсе­ленің анық-қанығына көз жеткізу үшін Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық, ветеринария бөліміне хабарласқанбыз. Олардың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына үнемі мониторинг жасалып отырады. Аталған бөлім мамандары ұсақ-түйек дүңгіршектерден бастап ірі сауда орындарындағы бағаның бәрін назарында ұстайды. Егер де тұрғындар тарапынан қандай да наразылық туындайтын болса, құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс істейді. Ал бағаны назарда ұстау үшін жасалатын мониторинг жұмыстарына қала жұртшылығы ерікті түрде қатыса алады. Бағаны бақылау жұмыстары кезінде арнайы мамандар әлеуметтік маңызды деген азық-түліктердің бағасын түр­тіп алып отырады. Егер бағада өсім бай­қалса, көтеру себебі анық­талады.

– Қазіргі уақытта жұмыртқа бағасы қымбаттаған. Бірінші сұ­рыпты жұмыртқа әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлікке жатады. Бағасының өсу себебін айтар болсам, құс фабрикаларын­да эпизоотиялық кері жағдайларға бай­­ланысты айтарлықтай шы­ғын­дар болды. Тауықтардың саны азайып, дезинфекциялық зат­тар сатып алынды. Вакциналар да арзан емес. Одан басқа құс­тар­дың азығы да біршама қым­баттаған, – деп түсіндірді Өс­кемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл­шаруашылық, ветеринария бө­лімінің басшысы Гасан Тұрғанбаев.

Бөлім басшысының айтуын­ша, өсімдік майына деген бағаның өсуі де негізгі шикізаттың қым­бат­тауымен байланысты. Майлы дәнді дақылдар егумен айналысатын шаруа қожалықтары ше­кілдеуік тұқымының қым­баттауын алға тартқан.

Ұн бағасының өсу себебі де осыған ұқсас. Жыл басында ұн тарту кәсіпорындарында бі­рінші сұрыпты ұнның килосы 110 теңгенің маңайында болатын. Алайда сәуірден бастап жеке шаруа қожалықтары бидайды қымбатқа сата бастаған. Яғни тоннасы 68 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін өскен. Сөйтіп, ұн тартушылар да килосын 125 тең­геге көтерген. Қазіргі уа­қыт­та ұн бағасы осымен тұрақ­талған. Ал қант бағасының қым­баттауының себебі – шикізаттың көбі шетелден әкелінетіні. Сайып келгенде ши­кізат бағасының қымбаттауы дүкен сөрелерінде тұрған өнім­дердің бағасына әсер етеді. Ма­мандардың айтуын­ша, дәл қазіргі уақытта баға тұрақтады.

Тұрғындар үшін өңірлік тұрақ­тандыру қорының қоймаларында да қор жеткілікті. Соңғы мәліметке сүйенсек, қорда 2 400 тонна картоп, 1 300 тонна қырыққабат, 800 тонна сәбіз және 1 200 тонна пияз сақталған. Тұрақтандыру қорының өнімдері қарашаның бірінен бастап келесі жылдың мамырына дейін саудада болады.

Жеміс, көкөніс өнімдері қа­зан­ның соңына қарай толық кө­лемде жеткізіледі. Жыл басында Түркістан облысынан 95 тонна қы­рыққабат пен 2 200 тонна бі­рінші сұрыпты ұн сатып алынды. Соң­ғысы әлеуметтік нан өн­ді­ру­шілерге үстемесіз саудалану­да. Бү­гінде бұл ұн­ның 34,7 пайызы са­тылды. Қорда әлі 1 436 тон­насы бар.

Әлеуметтік сөрелерде сондай-ақ 3 пайыз үстемемен 185 тең­геден 100 тонна макарон өнімдері сатылып жатыр. Қазіргі уақытта 67 пайыздан астамы сатылып қойды. Өскемен қаласы бойынша – 52,28 тонна, Семей қаласы бойынша – 14,68 тонна.

Сонымен қатар тұрақтандыру қорындағы 408 тонна күріштің 157 тоннасы 255 теңгеден сатылып жатыр. Ішкі нарықты тұ­рақ­тандыру үшін «Восток сахар» және «Ақ сұңқар» ЖШС қой­маларына өткен жылдың басында 680 тоннадан астам қант жет­кізілген. Оның 639 тоннасы сатылып, 40 тоннадан астам қант қалды.

Биыл өңірлік комиссия қарақұ­мық жармасын сатып алу туралы да шешім қабылдады. Себебі өт­кен жылғы сатып алынған өнім­нің барлығы сатылып кетті.

 

Шығыс Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар