"Екі аурудың белгілері өте ұқсас. Коронавирус белгілері дене қызуының көтерілуі (37,5-38градус), әлсіздік, бас ауруы, құрғақ жөтел, демікпе, иіс, дәм сезбеу, кей жағдайда диарея да болуы мүмкін. Дене қызуымен, жөтелмен қатар демікпе болса, оның коронавирус екенін анықтауға болады. Тұмаудың инкубациялық кезеңі 1-4 күнге дейін болса, коронавируста 2 күннен 14 күнге жалғасады", дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, ШЖҚ "Көпбейінді медициналық орталық" МКМ-нің инфекционист дәрігері Эльмира Адишева.

Сонымен қатар дәрігер жұқпалы аурудардың асқынуы күрделі ауруларға ұласуы мүмкін екенін де атап өтті.

"Мәселен, тұмау асқынса, отит, синусит, менингит, пневмонияға ұласуы ықтимал. Ал коронавирус асқынса, өкпе эмболиясы, миокардит, перикардит, спонтанды пневматороксқа алып келуі мүмкін", дейді дәрігер.

Сондықтан дәрігер азаматтарға аталған белгілердің бірі байқалса, дер кезінде қаралуды ескертеді.

Оның айтуынша, коронавируспен бір рет ауырған адам екінші мәрте де жұқтырып алуы мүмкін. Тіпті симптомсыз өтіп кеткен болса да, екінші мәрте қиын өтуі әбден мүмкін. Бұның барлығы адам ағзасының иммунитетіне байланысты. Алайда, әзірге Нұр-Сұлтан қаласы бойынша екінші мәрте ауырған адамдар тіркелмеген.

Дәрігердің сөзінше, жалпы жұқпалы аурулардың алдын алу үшін тиісті зерттеу тапсырып, дәрігердің кеңесімен комплексті витамын қабылдаған жөн. Иммунитетті көтеріп, таза ауада серуендеп, жеке бас гигиенасын сақтап, маска тағып, дұрыс тамақтанып, уақтылы ұйықтау қажет.

Егер науқас өзін нашар сезініп, қызуы көтеріліп демікпені сезсе, тыныс алуы қиындаса дереу жедел жәрдем шақыруы қажет. Тіпті коронавирус емес, ЖРВИ болған жағдайда науқас өздігінен дәрі-дәрмек қабылдамауы керек. Міндетті түрде учаскелік дәрігерге барып, тағайындалған емді ғана алуы қажет.