Қоғам • 30 Қазан, 2020

Әлемді ойын арқылы басқару

113 рет көрсетілді

Таяуда The Creative Assembly компаниясы кезекті компьютерлік ойынын жариялады. Total War Saga: Troy деп аталатын бұл ойынды бір тәуліктің ішінде 7,5 миллион рет көшіріп алған. Әрине, бұған ежелгі грек мифтері, әйгілі Троя қаласындағы соғыс туралы аңыз-әңгімелер әсер еткені анық.

Оқырманға түсінікті болу үшін ойын туралы аз-кем айта кеткен жөн шығар. Total War Saga: Troy – антикалық дәуірдегі гректер өміріне арналған стратегиялық ойын. Онда Гомердің «Иллиадасы» мен «Одиссейінде» айтылатын баһадүрлер мен мифтік жаратылыстың бәрі қамтылған. Мәселен, ойыншыға грек қаһармандары – Ахилес, Одиссей, Менелай, Ага­мемнон немесе Троя өкілдері – Гектор, Сар­педон, Эней, Паристің бірін таңдау еркін­ді­гі берілген. Осылайша, ел басқару тізгіні беріліп, даму стратегиясын құруы керек.

Гректердің міндеті – Трояны құлату, ал троялықтар грек басқыншылығынан құтылуы қажет. Бұл мақсатқа жету үшін ойыншы әскер жасақтап, қарамағындағы қалаларды дамытып, экономикасын аяққа тұрғызуы тиіс. Сондай-ақ шетелдік басқыншылардан қорғанып, өз кезегінде елінің аумағын соғыса жүріп ұлғайтуы керек. Қысқасы, кәдімгі антикалық дәуірдің заманның компьютерлік нұсқасы.

Жалпы, жоғарыда айтып өткен The Creative Assembly компаниясы осындай ерекше компьютерлік ойындар жасаумен шұғылданып келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. Total war сериясы аясында компания ең алғаш рет Shogun ойынын 2000 жылы жариялады.

Бұл ойын XV-XVII ғасырларда Жапонияда билік құрған Сэнгоку дәуіріне арналған. Қанатқақты бұл жобаның сәтті шыққаны соншалық, сол кезеңнің өзінде Shogun-ды миллионға жуық адам көшіріп алған екен. Бұл компьютер енді-енді дамып жатқан кезең үшін керемет көрсеткіш екені түсінікті.

Осындай стратегиялық ойынның ха­лық­қа ұнайтынын түсінген компания өкіл­де­рі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Яғни дип­ломатиялық қарым-қатынас жасау, тақ мұ­рагерін белгілеу, партияішілік тартыс, ханзадаларға қалыңдық әперу, ханшайымдарды ұзату, шпион жіберу, өз дінін тарату секілді тәсілдер видео ойындар саласына жаңа леп әкелді.

Кейіннен орта дәуірге арналған Medieval: Total War жарық көрді. Бұл ойынның ерекшелігі оқиға желісі Еуропа мен Таяу Шығысқа арналды. Ұлы крест жорығы, Рим империясы мен Византия империясының соңғы кезеңдері, түріктердің Осман империясының дәуірлеуі секілді тарихи сәттер қамтылған. Тіпті ойын барысында моңғол шапқыншылығы басталып, Алтын орда туын тіктейді.

Бұдан кейінгі Total War сериялары да табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, Total War Rome II бұған дейін болмаған рекордтық нәтиже көрсетіп, миллиондап сатылды. Осылайша, компанияны қыруар пайдаға кенелтті. Кейіннен бұл көрсеткішті фантастикалық әлемге арналған Warhammer нұсқасы басып озды.

Осы орайда айта кетерлігі, ойынның Ұлы далаға қатысты бір-екі элементі бар. Rome II нұсқасы біздің дәуірімізге дейінгі кезеңді қамтығандықтан, ойыншыға басқа да фракциялармен бірге Массагеттерді, Роксаландарды таңдауға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ Ақтау қаласы мен Сарай қаласы Total War қалаларының қатарына енді.

Бұдан бөлек, 2015 жылы жарық көрген Total War: Attila нұсқасы ғұн көсемі Еділ патшаға арна­лып, сол дәуірді толықтай қамтыған. Мәселен, ғұн көсемдері Рим империя­сына жиі-жиі шапқыншылық жасайды. Оған қоса, ойын­да көшпенділердің өмір салты, тәңірлік діні ескерілген. Қысқасы, ғұндарға арналған нұс­қасы да жұрт тарапынан қолдауға ие болып, ал­ғашқы аптада 11 миллион данасы сатылды.

Видео ойындар жанрындағы осындай мәліметтерге қарап отырып ойға қаласың. Тарихты қопарсаң, Ұлы даланың оғландары мін­ген аттың тұяғы қарт құрлықты дүбірге толтырғаны мәлім. «Барар жерің – Балқан тау, Ол да біздің барған тау», деп ата-бабалары­мыз бекер айтпаса керек. Ендеше, тарихи мә­лі­мет­терді негізге ала отырып, Алтын ордаға неме­се Қазақ хандығына қатысты компьютерлік ойын жасау артық етпес еді. Жоғарыда айтып өткен The Creative Assembly компаниясымен келісіп, Total war сериясының аясында бір нұсқасын осыған арнаса, еліміз бен өткенімізді әлемге танытуға мүмкіндік беретіні анық. Сол кезде әлем бізді Ұлы дала елі деп білер еді.

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар