Аймақтар • 24 Қараша, 2020

Қазталов деген аудан бар

1402 рет көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының орталығын Орал қаласымен жалғайтын тас жол күні кешеге дейін болмаған еді. Өткен демалыс күндері Чапаев – Жалпақтал – Қазталов күре жолының 157-192 шақырымын күрделі жөндеу аяқталды.

Өңірдің оңтүстік аудандарын­да­ғы жол мәселесі сонау кеңес заманынан бері шешілмей келе жатқан түйін еді. Тарихқа қарасақ, Чапаев – Жалпақтал – Қазталов бағытындағы жолдың құрылысы әу баста 1985 жылы басталған екен. Кейін қаражат болмауына байланысты тұрып қалды. Арада алып империя құлап, еліміз тәуелсіздік алды. Сөйтіп 2007 жылы жөндеу жұмыстары қайтадан қолға алынды. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына келген сапарында Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарына дейін қатқыл табанды жол тарту туралы тапсырма берген болатын. Ол жол да дәл осы Қазталов ауылы арқылы өтеді. Елбасы тапсырмасы орындалса, 2021 жылдың аяғына дейін Жәнібек пен Бөкей орда ауданы тұрғындары да Орал қаласына тас жолмен ызғытып жетеді.

– Қараөзен мен Сарыөзенді тел емген аудан халқы талай жыл жол азабын тартты. Облыс орталығына қатынау үшін 9-12 сағат уақыт кететін кездер есімізде. Тіпті жауын-шашын кезінде жолаушылар жол бойына да түнеген жағдайлар болды. Енді осы қиындықтың бәрі артта қалды. Аудан мен облыс орталығын байланыстыратын маңызды жолдың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! – деді күре жолдың ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Жол құрылысы саласындағы тәжіри­белі мекеменің бірі «Юнисерв» компаниясы жөндеу жұ­мыс­тарын «Нұрлы жер» бағ­дарламасы аясында атқарған екен. өңір басшысы жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» компаниясына және құрылыс жұмыстарын сапалы атқарған «Юнисерв» ЖШС ұжымына алғыс айтты.

Сонымен қатар ауданда ауыл­ішілік жолдар да жөнделіп, ха­лықтың тұрмысын жақсартуға септігін тигізуде. Аудан басшысы Альберт Есәлиевтің айтуынша, биыл Қазталов, Жалпақтал ауылдарына 1 млрд 313 млн теңге бөлініп, 15 көшенің 10,3 шақырым автожолы және үш ауылдың 25 көшесінде 14 шақырымдық жаяу жүргінші жолы салынып жатыр екен. Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар 30 шақырым жол, 11,5 шақырым – ауылішілік, 15,2 шақырым – жаяу жүргінші жолын салу үшін жобалар жасақталған.

Өңірдің транспорттық әлеуетін одан әрі арттыру үшін Қазталовтан Ресей шекарасына дейін жол салынатыны белгілі болды.

«Осыдан екі-үш күн бұрын мен Ресейдің Саратов облысы губернаторымен сөйлестім. Олар да Александров-Гай ауданы орталы­ғы­нан мемлекеттік шекараға дейінгі жол құрылысын бастамақ. Біз де шекараға дейінгі жолды жөндесек, екі елдің арасындағы байланыс пен қарым-қатынас дами түседі» деді Ғали Есқалиев.

 

«Көпкүтір сөйлеп тұр»

Қазталов ауданындағы 48 елді мекеннің ең ірі 7 ауылы ғана 4G, 3G интернет желісімен қамтылған. Бұл жерде аудан халқының 51 пайы­зы тұрады. Яғни аудан халқының тең жарымына жуығы интернет игілігінен жырақ болатын.

Интернет байланысы биылғы пандемияға байланысты карантин кезінде өте өзектілігін байқатты. Сон­дықтан аудан әкімдігі бұл мәсе­лені шешу үшін «Қазақтелеком» ұлттық компаниясымен келісім-шарттар жасап, ауданның 10 елді мекеніне 3G интернет қосу жұмысын бастады. Аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, Жаңатаң, Көпкүтір, Сарықұдық, Жас ауылдарына ұялы байланыс мұнаралары құрастырылып жатыр екен. Құрылыс-монтаж жұмысы қараша, жел­тоқсан айларында аяқталмақ.

Батыс Қазақстан облысындағы су тапшылығы «Қос өзен елі» делінетін Қазталовта да сезіліп тұр. Соңғы жылдары Ресей жағынан келетін су көлемі азайған. Сондықтан бұрынғы су бөгеттерін бұзып, өзен көл арналарын тазалау үшін облыстық төтенше жағдайлар басқармасы аудандық коммуналдық шаруашылық меке­ме­сіне эксковатор мен бульдозер сатып алып берген екен. Бұл тех­никамен аудандағы 11 елді мекен маңындағы 12 бөгетті тазарту жұмысын қолға алыпты. Сонымен бірге 8 ауылдың көлтабанына су жіберіліп, Сарыөзен-Қараоба су құбыры дайындалған. Фурманов-Қособа, Ащысай-Қарасу каналдары қазылған.

Бүгінгі таңда Қазталов ауданы тұрғындарының 85,2 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл жергілікті бюджет есебінен Бозоба, Сексенбаев, Еңбек, Көпкүтір, Аққурай, Саралжын ауыл­дарында құдық қазылып, Қошан­көл, Нұрсай ауылдарының ауыз су ұңғымалары жөнделген екен. Бұған қоса Жалпақтал, Ақпәтер, Жаңажол, Жұлдыз ауылдарындағы таза су қондырғылары да жөнделді. Таяу болашақта Жаңатаң, Жас, Оразғали, Беспішен, Ордабай, Сатыбалды, Әбіш ауылдарын сумен жаб­дықтауға арналған модульдік оқшаулау станса құрылысын салу, Талдықұдық, Қоныс ауылдарын ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталып жатыр екен. Бұл жоспар жүзеге асса, аудан тұрғындары 100 пайыз таза сумен қамтылады.

 

Болашақтың мектебі

Бүгінде материалдық-техни­калық жасақталуы жағынан ауыл мен қала мектебінің арасын­дағы айырмашылық азайды. Қазталов ауданындағы Болашақ ауылдық округінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп туралы да осыны айтуға болады.

1988 жылы типтік жобамен салынған 461 орындық мектеп ғимараты содан бері жөндеу көрмей, төбесінен су кетіп, азып-тозып кеткен екен. Мемлекет қолдауымен 396 млн 874 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер «Жиенбай» ЖШС-ның ұжымы құрылысты уақытында сапалы аяқтап шыққан.

Бұған қоса ауданда ғимараты апат жағдайында деп танылған Алма Оразбаева атындағы және Сарықұдық мектептерінің құрылы­сы жүріп жатыр. Сарықұдық мектебі биыл, А.Оразбаева атындағы мектеп 2021 жылы пайдалануға беріл­мек. Осылайша тағы 660 оқушы заманауи жаңа мектептерде білім алатын болады.

Аудан әкімі Альберт Есалиевтің айтуынша, Жұлдыз ауылындағы 108 орындық Ахмедияр Құсайынов атындағы мектеп ғимараты да апат жағдайында екен. Бүгінде жобалық-сметалық құжат дайындалған, құрылысқа 478 млн 150 мың теңге қаражат керек.

Соңғы жаңалықтар

Маңызды қадам болды

Парламент • Кеше

Ұқсас жаңалықтар