Қоғам • 27 Қараша, 2020

Мал ұрлығы көптің көңілін күпті етуде

31 рет көрсетілді

Қазіргідей қысқы соғымның уақытында мал ұрлығының өрши түсетіні белгілі. Әсіресе ұрылар байланып, бабында тұрған ірі-қараны ұрлауға бейім. Жамбыл облысында да қазан, қараша айларында мал ұрлығы көбейген.

Біреудің адал еңбегін оңай жол­мен пайдаланып­ кеткісі кел­гендердің біразы­ құрық­тал­ғанымен, анықталмаған жағ­дайлар әлі де бар. Мәселен, облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өңірде ағымдағы жылдың 10 айында 169 мал ұрлығы тіркелген. Шаруалардан 623 бас мал ұрланған. Бірақ жергілікті полицейлердің жедел әрекетінің нә­ти­­жесінде, 295 бас мал иелеріне қай­тарылып, жалпы құны 30 миллион тең­геден астам материалдық шығын өтелген. Алайда қалған малдың қайда кеткені белгісіз. Бұл орайда ауылды жерлерде тұратын тұрғындар күн суытып, қар түссе болды, мал ұр­лығының көбейетінін айтып дабыл қағуда.

Биылғы қазан айында Жуалы ауда­­нының тұрғыны аудан­дық поли­­ция бө­ліміне ауласындағы мал қорадан жыл­қысының ұрлан­­ғаны туралы ша­ғымданған. Кел­­­ті­ріл­ген жалпы шығын кө­лемі 1 мил­лион теңгені құрайды.

Аталған дерекке қатысты жедел із­дестіру жұмыстары жүргізіліп, нә­ти­же­сінде күдікті ретінде Жуалы ауда­ны­ның 54 жастағы тұрғыны ұстал­ған. Бұл күнде ол жасаған қыл­мы­сын толығымен мойындап, Тараз қа­ла­сын­дағы уақытша ұс­тау абақтысына қа­мал­ған. Мұн­дай жағдай қазан айында Жуалы ауданының Шақпақата ауылын­да да орын алған. Ұрланған мал ие­сіне 600 мың теңге көлемінде шы­ғын келген. Алайда көп ұзамай ұрлық­тың ізі ашылып, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Тараз қаласында тұратын Жуалы ауданының тумасы ұсталып, Тараз қаласындағы №13 тергеу абақ­тысына қамауға алын­ған. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданы Жарлысу ауы­лының тұрғыны тау етегіндегі жа­йы­лы­мнан үш жылқысының ұрлан­ғанын айтып, полицияға арыз жазған. Мұнда да екі күдікті ұс­талып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бұл күнде ұрланған жылқылар иесіне қайтарыл­ған. Бүгінде мал ұрлығы өңірдің бар­лық аудан, ауыл­дарында бар. Бірақ құрық­талған қыл­мыскерлерден бөлек, әлі күн­ге дейін ізін жасырып жүргендері қан­шама. Бір үйдің бала-шағасының аузы­нан жырып, бір кәдеге дайындап отыр­ған малын бір түнде үптеп кететін ұры­лардың қарасы азаймай тұр.

Қазіргі кезде өңірде мал ұрлы­ғы­ның алдын алу маңызды. Бұл орайда об­лыс­та «Мал ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы ұйым­­дастырылған бола­тын. Үш күн­нің өзінде облыстың поли­ция қыз­меткер­лері мал ұрлығының 16 де­регін аш­қан. Қабылданған шара­лар нәтижесінде иелеріне 72 бас мал қай­тарылған. Бұл да өңірде мал ұрлығының өршіп тұрғанын көрсетеді. Жуырда ғана Т.Рысқұлов ауданынан 23 бас ірі-қара мал ұрланып, аймақ тұрғындарын әрі-сәрі күйге түсірген болатын. Ал сол малдарды ұрлаған Бай­зақ ауданының екі тұрғыны болып шықты. Сонымен қатар мал ұрлығына қатысы бар 93 адам, оның ішінде 35 адамнан тұратын 16 топ ұсталған.

 

Жамбыл облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар