Парламент • 30 Қазан, 2020

Бюджет қаражаты тиімді жұмсалуы керек

16 рет көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев­тың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Отырыс бары­сында депутаттар «2020-2022 жыл­дарға арналған республикалық бюд­жет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Қосымша қаржы коронавируспен күреске жұмсалады

Республикалық бюджетті нақтылау пандемиямен күрес жұмыстарын қаржы­лан­дыруға, мемлекеттің әлеуметтік міндет­терін орындауға, «Нұрлы жол», «Нұр­лы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясын­да экономиканың нақты салаларын қол­дау­ға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жә­­не индустриялық-инновациялық даму бағ­­дар­ламаларын іске асыруға бағыт­талған.

Заң жобасы жөнінде баяндама жа­са­ған Ұлттық экономика министрі Рус­лан Дәленов 2020 жылға арналған нақты­ланған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын айтып берді. Ведомство басшының айтуын­ша, оны анықтау барысында мына факторлар негізге алынған.

«2019 жылғы ішкі жалпы өнім бойын­ша өзектендірілген есептік деректер, биылғы жыл басынан бергі жедел деректер, мұнай өндірудің жоспарын түзету, сондай-ақ әлемдік нарықтағы мұнайдың бағалануын ескердік.

2019 жылғы өзектендірілген ішкі жалпы өнім көлемі 0,9 трлн теңгеге артып, 69,5 трлн теңгені құрады. Бұл биылғы бол­жамды есептеу базасын ұлғайтты. Сон­дай-ақ болжамда экономиканың нақты секторындағы, қызмет көрсету саласын­дағы үрдістері мен мұнай бағасының конъюнктурасы ескерілді. Әлемдік экономика өсімі Халықаралық ұйымдардың консенсус-болжамы бойынша биыл минус 5 пайызды құрайды, ал 2021 жылда өсім күтіледі.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан эко­номикасының нақты өсімін биылғы минус 2,3 пайыздан минус 2 пайыз аралығында бағалайды. Келесі жылға тұрақты өсімді болжап отыр.

Экономика секторларының ағымдағы үрдістерін ескере отырып, біздің баға­лауы­мыз бойынша, 2020 жылғы нақты ішкі жалпы өнімнің өсімі минус 2,1 пайыз­ды құрайды. 2020 жылы номиналды ішкі жалпы өнім 69,8 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Ол бұрын нақтыланған көрсеткіштен 102 млрд теңгеге жоғары. Бұл 2019 жылғы базалық көрсеткіштердің өсуімен байланысты», деді Р.Дәленов.

Экономиканың нақты секторы салаларында өсу болжамы жақсарған. Құрылыс 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,9 па­йызға, өңдеу өнеркәсібі 3,7 пайызға өседі деп болжанды. Бұл ретте шектеу шаралары салдарынан қызмет секторларының өсу қар­қыны төмендетілді.

«Мұнайдың есептік бағасын ескере отырып, болжамдық бағаны 20 доллардан 40 долларға дейін арттыру ұсынылады. Қаңтар-қыркүйекте мұнайдың орташа бағасы бір баррелге 42 долларды құрады. Нақтыланған жоспар бойынша мұнай өндіру көлемі 85 млн тоннаны құрайды. Тауарлар экспорты 45,5 млрд долларға дейін артады, импорт 33,8 млрд долларды құрайды. Осылайша, оң сауда теңгерімі 3,2 млрд-қа ұлғайып, 11,7 млрд доллар көле­мінде болжанады», деді министр.

Бұдан кейін сөз алған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы медициналық қызметкерлерге мате­риал­дық қолдау көрсетуге бағытталған. Сон­дай-ақ COVID-19-дың таралу мүм­кіндігінің екінші толқынына қарсы бел­сенді шаралар қабылдауға арналған.

«Осы мәселелерді шешу үшін 238,7 млрд теңге сомасында қосымша қар­жы көзделді. Шығыстар мынадай ба­ғыт­тарға жұмсалады. Карантин іс-шара­ларын жүргізуге тартылған медицина қыз­мет­керлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеге қосымша ақы төленеді.

Тегін медициналық көмектің кепіл­ден­дірілген көлемі шеңберінде COVID-19-дың таралуына жол бермеу мақсатында ме­дициналық қызметтерге ақы төлеуге 83,2 млрд теңге жұмсалады. Ішкі іс­тер органдарының қызметкерлеріне эпиде­мияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін 11,7 млрд теңге сыйлықақы төленеді.

Әкімшілер ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, экономиканың нақ­ты секторын дамытуға және күш құры­лым­дарын әлеуметтік қолдауға 261,7 млрд теңге сома бөлінеді», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, осы қаражат есебінен өндірісті ынта­лан­дыруға бағытталған бірқатар шаралар мен жобаларды іске асыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен табысын ұлғайту жоспарланып отыр.

«Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агро­өнер­кәсіптік кешенді дамыту және басқа мемлекеттік бағдарламалардың іс-шара­ларын жеткілікті қаржымен қамтамасыз ету көзделген. Бұдан басқа, бюджетті нақ­тылау шеңберінде Президент Жарлығына сәйкес мемлекеттік органдар құру және қайта ұйымдастыру бойынша қаражатты қайта бөлу жүзеге асырылды. Нәтижесінде, республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты. Республикалық бюджет түсімдері 12 трлн теңге көлемінде анықталды. Тапшылық ішкі жалпы өнімге 3,5% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 14,5 трлн теңгені құрайды», деді Е.Жамаубаев.

 

Азық-түлікке жоғары баға сақталады

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов республикалық бюджет өлшемдерін нақтылау шеңберінде ақша-кредит саясаты көрсеткіштерінің болжамын ұсынды.

«Бұл болжамдар жоғары белгісіздік жағдайында бұрынғыша сыртқы күтіл­меген өзгерістер әсерінен дамып отырған әлемдік экономикадағы қазіргі ахуал негізінде жасалды.

Біріншіден, коронавирус панде­мия­сының дамуы орта мерзімді перспективада әлемдік экономикаға әсер ететін бас­ты факторлардың бірі. Екіншіден, пан­демияға байланысты ахуалдың нашарлау тәуекелдерімен қоса, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қарама-қайшылықтары, Ресейге қатысты санкциялық риториканың күшеюі және басқа да геосаяси факторлар әлемдік экономикаға қосымша қысым жасайды.

Үшіншіден, әлемдік қаржы және та­уар нарықтарының, әлемдік экономиканың қарқыны баяулауына байланысты қауіп­тің өсуі, әсіресе мұнай нарығының құбыл­малы болуы әсер етіп отыр. Сондай-ақ АҚШ-тағы президенттік сайлау және АҚШ тарапынан ынталандыру шаралары пакетінің мөлшері де сыртқы нарық үшін өзектілігін жоғалтқан жоқ», деді А.Баймағамбетов.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, осы факторларды ескере отырып, халықаралық ұйымдар қайтадан болжам жасаған. Соған сәйкес, Халықаралық валюта қоры 2020 жылы ішкі жалпы өнім минус 4,9 пайыздан минус 4,4 пайызға дейін төмендейтінін айтады.

Әйтсе де, әлемдік экономика 2021 жылдан бастап қалпына келеді деп күтіледі. Болжамға сәйкес, дағдарыстан әуелі дамыған елдер шыға бастайды. Төмен база аясында әлемдік экономиканың өсуі 2021 жылы 5,2 пайызға жетіп, орта мерзімді перспективада 3,5 пайызға дейін баяулайды.

«Қыркүйекте қатарынан екі ай бойы инфляция 7 пайыздық деңгейде тұрақ­танғаны байқалады. Оған азық-түлік инфляциясы негізгі үлес қосып отыр. Ол алдыңғы аймен салыстырғанда, 0,1 пайызға төмендеп, ағымдағы жылғы қыркүйекте 10,8 пайызды құрады. Ет және нан-тоқаш өнімдері нарықтарындағы баға өсуінің жылдық қарқыны баяулағаны маңызды импорттық құрамы бар тауарлар тобының бағасы өскені байқалады.

Карантин шараларына және сауда объектілерінің жұмысын шектеуге байланысты тұтынушылық сұраныс төмендеуі салдарынан азық-түлікке жатпайтын нарықтағы инфляция 5,5 пайызды құрады.

Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі соңғы айда 3,4 пайыздан 3,6 пайызға дейін өсті. Реттелетін коммуналдық қыз­мет­тің 0,7 пайызға, атап айтқанда, электр энергиясының 6,6 пайызға қымбат­тауы ақылы қызметтер инфляциясын же­делдетті. Білім мен байланыс қызмет­терінің тиісінше 3,3 пайызға және 2,1 пайыз­ға қымбаттауы да қызметтер бағасы­ның жалпы өсуіне ықпал етті. Ұлт­тық банктің бағалауы бойынша, 2020 жыл­дың соңына дейін азық-түлік өнімде­рінің жоғары бағасы сақталады», деді А.Баймағамбетов.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары қазіргі ахуалдарды саралай келе, Ұлттық банк әлемдік жағдайды мұқият қадағалап, баға мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ экономиканы қалпына келтіруге қолайлы жағдайлар жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын жеткізді.

Бұдан кейін сөз алған Сенат Төрағасы бүгін қабылданған заңның еліміз үшін маңызы зор екенін айтты. Оның айтуын­ша, осы заң жобасын қабылдау экономикалық өсімді қалпына келтіріп, індетпен күресуге бағытталады.

«Республикалық бюджетті нақтылау Президентіміздің биылғы Жолдауында айтылған әлеуметтік тапсырмаларды орындауға, экономикалық өсуді қалпына келтіруге және пандемиямен күресуге бағытталған. Шын мәнінде, биылғы жыл індетке байланысты оңай тиіп жатқан жоқ. Соған қарамастан, Президентіміз мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындау үшін бар мүмкіндікті жасап келеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Спикерінің айтуынша, респуб­ли­калық бюджетті нақтылау кезінде әлеу­меттік мәселелерді шешуге, экономиканың нақты секторларын қолдауға баса мән берілген.

«Заң жобаларын талқылау барысында Сенат депутаттары көптеген өзекті мәсе­лелерді көтерді. Үкімет оларға мұқият назар аударып, оң шешу үшін кешен­ді жұмыс жүргізеді деп ойлаймыз. Бюджет­тен бөлінген қаражат сапалы әрі тиімді жұмсалып, халықтың игілігіне, экономиканы қалпына келтіруге бағытталады деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақ­стан Республикасының Ұлттық қоры­нан 2020-2022 жылдарға арналған кепілден­дірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.

Заң жобасында Ұлттық қордан 2020 жыл­ға арналған республикалық бюджетке 4 770 млрд теңге сомасында кепілден­дірілген трансферт мөлшері белгіленген.

 

Жол сапасы көңіл көншітпейді

Жалпы отырыста бірқатар депутаттық сауалдар жолданды. Сенатор Бауыржан Қаниев Премьер-Министр А.Маминге жолдаған депутатық сауалында «Орталық-Батыс» тас жолының құрылысындағы күрделі мәселелерді көтерді.

Бұл автожол Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарын байланыс­тыра­ды. Ел Үкіметінің Өңірлерді дамыту бағ­дар­ламасында көрсетілген екінші деңгейдегі екі қаланы біріктіреді. «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз –Шалқар – Қандыағаш» автомобиль жолы бойындағы «Орталық-Батыс» автомобиль дәлізінің ұзындығы
1 292 шақырымды құрайды. Оның ішінде Ақ­төбе облысының аумағымен 518 ша­қырым өтеді.

Депутат «Орталық-Батыс» жобасы ая­сын­­дағы проблемаларға тоқталып, қолда­ныстағы республикалық маңызы бар «Қан­дыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» және ау­дандық маңызы бар «Ырғыз-Нұра» авто­мобиль жолы көңіл көншітпейтін жағ­дайда екенін атап өтті. Сонымен бірге, Шал­қар және Ырғыз елді мекендерінің ара­сын­дағы учаскеде орналасқан 3 автожол көпірінің де жағдайы өте нашар болып тұр.

Сонымен қатар сенатор жағдайы өте на­шар «Шалқар-Ембі-Қандыағаш» автожо­лының стратегиялық маңызын ескере отырып, жөндеу жұмыстарын бірін­ші кезекте жоғарыда көрсетілген учаске­ден бастауды ұсынды. Аталған учаске бо­йын­ша жобалық-сметалық құжаттама бар көрінеді. Жобаны іске асыру Ақтөбе облысы мен Қазақстан Республикасының көлік әлеуетін едәуір кеңейтуге, сондай-ақ ав­то­кө­ліктің неғұрлым қауіпсіз қозғалысын қамта­масыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Автожолды тиісінше күтіп ұстау жол бойындағы қызмет көрсету нысандар ашу арқылы туризмді дамытатыны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өңірлерімен де, басқа елдермен де тауар айналымын арттыруға септігін тигізетініне назар аударылды.

Депутаттық сауалға Д.Әділбеков, Е.Сұл­танов, С.Алдашев, Б.Қаниев, Ә.Құр­таев, С. Лұқпанов, Е. Мамытбеков, Л.Рыс­бе­кова қол қойған.

Одан бөлек, бір топ депутат қыл­мыс­тық-атқару жүйесіндегі мәселелерді кө­терді. Депутат В.Волков Үкімет басшысына жолдаған сауалында ұсталғандарды жұ­мыс­пен қамту мәселесін шешуді сұрады. 

Заңнамалық реформалар мен қыл­мыс­тық саясатты ізгілендірудің арқасында түрмедегілер саны 30 мың адамға дейін азайды және Қазақстан қазіргі уа­қытта түрме рейтингі бойынша әлем­де 100-орында тұр. Алайда бас бостан­ды­ғынан айыру орындарында олардың тек 30%-ы ғана жұмыс істеу мүмкіндігіне ие.

Мемлекеттік сатып алу порталы 2019 жылдан бастап сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ететін кәсіпорындармен, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерімен бір жерден тапсырыс берушімен тікелей шарт жасасуға мүм­кіндік бермейді.

«Өндірістік ескірген инфрақұрылым, оның ішінде қазіргі заманғы өндірістік қуат­тардың болмауы, күрделі қаржы салу­дың қажеттігі, сондай-ақ тәртіппен жұмыс істейтін объектілердің жағдайлары коло­ния­лардағы бизнесті дамытуға кәсіпкер­лерді тартпайды. Сотталғандарды жұмыс­пен қамту еңбек дағдыларын дамытумен қатар, оларға талап-арыздарды өтеу және жәбір­ленушілерге келтірген зиянды төлеуге қаржы табуға, сондай-ақ өз отбасы­ларына қаржылық көмек көрсетуге мүмкін­дік береді», деді Владимир Волков.

Депутаттар бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тиімді орындау және олармен жеке жұмысты ұйымдастыру үшін қамаудағыларды камерада ұстау қа­жет екенін атап өтті. Жұмыс істеп тұрған 66 түзеу мекемесінің 9-ында ғана камерада ұстауға жағдайы бар екен.

«Халықаралық стандарттардың басты талабы – отрядтық ұстаудан камералық жағдайға көшу. Түзету колонияларының көпшілігі өткен ғасырдағы кеңестік құры­лыстың мұрасы болып табылады, ондағы жатақхана барағы үлгісіндегі бір бөлмеде 100-120 адам тұрады. Ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйін ескере отырып, 42 түзеу мекемесі қайта жаңартуды талап етеді», деді Сенат депутаты.

Сенаторлар бұл мекемелерде, оның ішінде лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған тәртіп бұзушылықтар мен қыл­мыстардың алдын алу және алдын алу үшін бейнебақылау енгізу қажет екенін атап өтті. Бүгінгі таңда бұл мекемелердің 30%-ы ғана бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.

Сенат депутаттарының пікірінше, сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету проблемаларына да ерекше назар аудару керек. Қылмыстық-атқару жүйесін медициналық қамтамасыз ету жүйесі ресурстар, қызмет көрсету сапасы және оның жабық болуына байланысты бақылау тұрғысында азаматтық сектормен тең емес жағдайда тұр.

Медициналық қызметтермен толық қам­тамасыз етілмеуі, арнаулы мамандар­дың болмауы, шұғыл емдеуге жатқызу проблемалары, ескірген медициналық жабдықтар бас бостандығынан айыру орындарындағы дәрігерлік қызметтердің сапасы төмен болуына алып келеді.

Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында сенаторлар Владимир Волков, Қанатбек Сафинов, Рысқали Әбдікеров, Сәуле Айтпаева, Нұрлан Бекназаров, Андрей Лукин, Сұлтанбек Мәкежанов, Ләззат Сүлеймен осы саладағы айтылған және басқа да өзекті мәселелерді зерделеу, сондай-ақ оларды шешу жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Академик Салық Зимановтың туға­нына келесі жылдың ақпан айында 100 жыл толады. Алайда осы бір айтулы дата Үкі­меттің алдағы жылы атап өтетін мерей­тойлар тізбесінен тыс қалған. Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған бір топ сенатор Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады.

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар