Сұхбат • 25 Қыркүйек, 2020

Гүлмира Сарина: «Туған жерге деген сағыныш мені осындай ақ қанат әсем әндерге ғашық етті»...

135 рет көрсетілді

Қазақтың қасиетті қара домбырасы күмбірімен жараса өрілген халқымыздың дәстүрлі ән мұрасы әсем де күрделі иірімімен, даладай кең диапазонымен, ұлттық сипатымен ерекшеленеді десек, бүгінде сол дәстүрді әуендік, орындаушылық тұрғыдан жаңғыртып, ән мәдениетінің үздік үлгісіне айналдыра білген тұлғалар некен-саяқ. Соның бірі де бірегейі – Арқа дәстүрлі ән мектебінің өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы, әнші-термеші әрі сазгер Гүлмира САРИНА.

– Гүлмира Айымғазықызы, Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойына орай Мәдениет және спорт минис­тр­лігінің қолдауымен ұйым­дас­тырылған «Абайдың ән әлемі» авторлық жобаңызды алғаш То­был-Торғай өңірінен бастап, кейін Ақтөбе, Талдықорған қала­ларында жалғастырмақ жос­парыңыз бар еді. Әуелі осы са­парлар туралы егжей-тег­жейлі баян­дап берсеңіз.

– Алғашқы сұрақты Абай ата­мыздан бастағаныңыз үшін рахмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алаш жұр­ты ғана емес, адамзаттың Абайы­на айналған ұлы ойшыл, дана ақын, дарынды композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын ел болып атап өту туралы Жарлығы бәрімізді қуант­қаны рас. Әрбіріміздің көкейімізде жүр­ген бұл мерейлі датаны мем­лекет көлемінде тойлау – ақын шығармашылығына қайта үңіліп, музыкалық мұрасын насихаттай түсуге мүмкіндік бер­ді. Мұндай мезетте өнер адамы ретінде осынау айтулы іс-ша­радан тыс қалып қойғым келмеді. Сол себепті қасиетті қара домбы­рамды арқалап, Абайдың ән әлемін еліміздің әр өңіріне наси­хаттап-жеткізу мақсатында осы авторлық жобамды Мәдениет және спорт министрлігіне ұсынып, хат жолдадым. Бағдарламама Абайдың өз әндері мен ақын өлеңдеріне жазылған әндерді, шәкірттерінің туындыларын, сондай-ақ ақынға, оның туған өлкесіне арналған әндерімді енгіздім. Министрлік менің бұл жобамды бірден қол­дап, облыстарға хат жолдады. Бірнеше өңірден жауап та ал­дым. Ұсынысыма алдымен құп­тап, үн қатқан Тобыл-Торғай өңі­ріне ризашылығым шексіз. Қос­танай облысы әкімдігінің ұйым­дастыруымен 14 ақпан күні өт­кен алғашқы кеште жоғарыда аталған бағдарлама бойынша жеке дом­бырамен «Сегізаяқ», «Ата-ана­ға көз қуаныш», «Татьянаның әні», «Қараңғы түнде тау қал­ғып» ән­дерін, шәкірттерінен Әсет­тің «Інжу-маржанын», ақын өлең­деріне жазылған «Өзгеге, көңілім, тоярсың» (Ә.Есбаев), «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» (Ж.Кәрменов) әндерін, сонымен қатар Қостанай облыстық филармониясы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» орындадым. Кеш барысында «Абайдың елі», «Абай жолы», «Абай салған әуелет сол бір әнді» атты өз әндерім де шыр­қалды. Ха­лықтың қошеметіне бө­леніп, шабыттанып қайттым. Өкініштісі, бұл жобамды барлық өңірге ұсына алмадым. Әлемді жай­лаған індеттен сақтану мақ­сатында елімізде каран­тиндік шектеу енгізілгені мәлім.

– Жалпы, Абай әндері туралы не білеміз? Ақынның көп орындала бермейтін қандай әндері бар? Өнерде Абай дәстүрін жал­ғастырушылар бар ма?

– Қазақ ұлттық музыка өне­ріне Абай атамыздың ән мұрасы жаңалық болып жетті. Өзінің ақындық тілін музыкасымен көр­­­кемдеп, ұлтына өлмес мұра ұсынды. Абай әндерінің зерт­телуіне үлкен үлес қосқан Ахмет Жұбанов еді. Композитор өз зерт­теулерінде ән табиғатына ай­рықша мән беріп, Абай әндері өзінің табиғаты мен рухы жағынан ұлттық сипатқа ие екенін, қай жа­ғынан да халқымыздың ба­йырғы музыкалық дәстүріне сай болып келетінін айтады. Оның музыкалық мұрасынан әлемдік өркениеттің өшпес іздерін төл дәстүрмен шебер үйлестіріп, әлем­дік құндылыққа ай­налдыра алған асқақ мұратты айқын аң­ғарамыз. Осылайша, Абай өзінің шығармашылық жолында ха­лықтық ән өнерінің байырғы дәстүрін дамытумен қатар, оны мүл­тіксіз жалғастырушы һәм насихаттаушы қызметін атқарды. Ел ішіне кеңінен таралған «Се­гізаяқ», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері соған дәлел. Абайдың одан бөлек көп орындала бермейтін «Бойы бұлғаң», «Сұр бұлт тұман дым бүркіп», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Ата-анаға көз-қуа­ныш» сияқты т.б. тамаша әндері бар. Мысалы, бүгінде көбіне бір нұсқасы ғана орындалып жүрген «Сегізаяқтың» одан да басқа бірнеше түрі бар екенін өнер адамдары білгенімен, қарапайым халыққа кеңінен мәлім деп айта алмаймыз. Сондай-ақ кейінгі кезде ұлттық ән өнерін насихаттап жүрген біраз әншілер «Өлсем, ор­ным, қара жер сыз болмай ма?», «Өзгеге, көңілім, тоярсың» сияқ­ты туындыларын Абайдың өзі жазған әуенде орындап жүр. Ақынның мұндай есті әндерге толы музыкалық мұрасы алдағы уақытта да үздіксіз насихаттала беруге тиіс.

Жалпы, Абай әндерінің көп­шілігі ақынның немерелері Әрхам Ысқақовтың, Мәкен Мұхамед­жа­нованың айтуымен, сонымен бірге Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, кейіннен Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов сияқты белгілі әншілердің орындауымен бүгінге жетті. Қазіргі дәстүрлі ән өнерінің туын ұстап жүрген өнерпаздардың дені Абай дәстүрін жалғастырушылар десек те болады. Ақын елінде өнердің туын жықпай жүрген Бақыт Ша­ғатаева, Тамара Көзбаева сияқ­ты апаларымыз бен Қайрат Қабы­шевтай замандасымыз Қарауыл­дың төрінде Абай әндерін шырқап, күллі қазаққа үлгі болуда. Бұл жолда сол өңірдегі 40 жылдық тарихы бар «Қаламқас» ән-би ансамблінің де сіңірген еңбегі өлшеусіз зор.

– Арман-мұраты ақиқатқа айналып, өнерге қол жеткізген жандар өте сирек. Сіздің өнер жо­лын таңдауыңызға не себеп болды?

– Өнер жолына түсуіме себеп болған нәрсе – туған жерімнің киесі, кіндік қаным тамған өлкем­нің қасиеті, туып-өскен ортам. Алаштың ардақтылары Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар дүниеге кел­ген өңірде туып өнерді сүймеу мүмкін бе? Мұнымен қоса, отба­сымдағы адамдардың бәрі солай. Анам халық әндерін тамылжыта шырқағанда, Илья Жақановша айтқанда, «әлсіз жүрекке ойда жоқта ып-ыстық қан толып, алпыс екі тамыр иіп сала беретін-ді». Әкемнің домбырамен емінте, еміренте, үздіктіре салған әні тұла бойыңды сәулелендіріп, ұмсынған көңілдің тәтті аңсауы шуақты се­зімге ұласатын. Алдыңғы буын аға-апаларымның бәрі шетінен өнерге өте жақын жандар еді. Әулетіміздің тұңғышы, марқұм Гүл­нәр апам жас күнінде керемет ән салатын, актерлік қабілеті мықты болатын. Өзімнің өнердегі ұстаз ағам Ербол Сариннің есімі бүгінде республика жұртшылығына етене таныс. Оқып жүргенде ауылға демалысқа келген сайын бір жаңа ән үйретіп кететін. Соның бәрін бір айтқанда-ақ лезде құлағыма құйып ала қоятынмын. Үйдегі осы тәрбие маған қатты әсер етті. Өнер жолын қуу бала күннен арманыма айналды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасымдағы тәлім-тәрбиенің арқасында өнердің даңғыл жолына түстім.

– Өзіңіз орындайтын халық әндерімен қоса, ұлттық аспаптармен әспеттеліп, халықтық ма­қаммен шырқалатын «Нені аң­саймын», (М.Мақатаев, Т.Ра­химов), «Жарқ-жұрқ еткен дүние» (Н.Айтұлы, Е.Үсенов) сияқты әндер санаңды дүр сіл­кіндіреді. Жұртшылық сүйіп тың­дайтын мұндай әндерді қа­лай таңдайсыз?

– Аллаға шүкір, халық әнде­рінің өзі түпсіз терең мұхит сияқты мол қазына ғой. Одан қала берді халық композиторларының, Қа­зақ­стан композиторларының әндері жетерлік. Тіпті кейінгі кезде дарынымен танылып жүрген қан­шама композитор бар, олардың да тамаша туындылары жоқ емес. Өзінің ішкі үніне құлақ түре білген, жан дүниесі мұнтаздай мөл­дір, көкірек көзі ояу жанның жасықтан жақұтты ажырата алмауы мүмкін емес. Мән берсек, қазір әні әуезді, мағынасы терең сұлу әндер көл-көсір. Бұл ретте әнші сөз бен саздың арасын жалғастырып тұратын рухани көпір іспетті. Оған ақын өлеңін түйсікпен ұғы­нумен бірге әуенді әуезбен әдіптеп, сөз бен саздың ырғағына қатар ілесе аларлық «су төкпес жор­ға мінез» тән болуға тиіс. Осы жағынан өзімді айы оңынан туған әншінің қатарына қосамын. Себебі мен қай әнді таңдасам да, әуен мен сөздің үйлесіміне қатты мән беремін. Меніңше, ән кітап сияқты, парақтай бастағаннан пайым-парқы білініп тұратын дүние. Ал әншінің еңбегі тереңнен маржан сүзгендей тынымсыз мол ізденіс десек, тыңдаушы – өнер иесін сахна мәдениетінің өлшемдi-мөлшерлi эстетикасы шең­берiнен шығармай ұстап, әннің жасампаздық рухына, тәр­биелiк миссиясына ерекше мән беретiн әділ де жақын сыншың. Халықтық өлшем-пішімнен өзін жоғары қоятын адам ұтылады. Ол үшін әншіге қойылар талап композитор мен ақынға артылатын жүктен де едәуір салмақты. Себебі бәрі орындаушының жеткізуіне байланысты. Ақын мен композитор ойының астар-айшығын түйсіне де, түсіне білу, бағалау сезімпаз дүлдүл әншінің ғана қолынан келер қасиет болар, сірә. Осы тұрғыдан тұжырғанда, ән жеке-дара бір кісі иемденіп кете баратын жалғызілікті өнер емес, көптің маңдай тері қосыла төгілген, бірнеше адамның қатысуымен жұмыла атқарылатын шаруа. Өнер атаулының ішінде кісіні сұлулыққа құштарландырумен қатар, отансүйгіштік, елдік руқ ұм­тылдыратын ұлттық тәрбиенің қайнар көзі де – осы әнде.

Қазақ даласында әу демейтін қазақ болмаған. Сан ғасыр бұрынғы саздың, күй мен дала сарынының бүгінге үзілмей, сарқылмай же­туі қазақтың ұлттық жадының мықтылығынан деуіміз содан... Ән мақаммен, яғни сазбен, екіншіден, мәтінімен, үшінші орындаушысы арқылы тарайды десек, кез келген әннің өзіне тән лирикалық мақамы, поэтикалық ұстыны, мәтін-мәні орындаушының ше­бер­лігіне тұмсық тіреп жатады. Мен бұл ойымды үнемі қай­талаудан жалықпаймын. Туған жерге деген сағыныш пен әде­мі­лікке құштарлық, ішкі сезі­мім мені осындай ақ қанат әсем әндерге ғашық етті. Осы уа­қыт­қа дейін көптеген әнді маған ком­позиторлардың өздерінің ұсы­нуы шығармашылық ортада қалып­тасқан сондай түсініктен болса керек. Олардың ішінен өз бол­мысыма жақын әндерді ғана таңдаймын. Репертуарымда елге деген сағыныш пен сүйіспен­ші­ліктен туған әндер, табиғат әсем­дігі мен тіршіліктің әсерлі сәт­­терін суреттейтін туындылар өте көп... Тағы да сағымдай бұл­дырап балалық шақ еске түседі. Отбасылық басқосуларда әнші тал­ғамы, ән табиғаты жөнінде өз­ара қызу пікірталас көп болатын. Орындаған әнімізді таласа талдап, өз ойымызбен бөлісетінбіз. Есті әндерге елітуім мені ерте есейтті. Жалпы, өмірде томаға-тұйық жанмын, бірақ есесіне әдемі әнмен бір­ге жан сырым жарқырап ашылады.

– Төлеген Айбергеновтің сөзі­не жазылған «Сағыныш» атты әніңіз жүректі тебірентіп, жан-дүниеңді баурап әкетеді. Сол сияқты жұртшылық сүйіп тың­дайтын «Ата-ананың қадірі» (сөзі Қ.Сариндікі), «Фариза-ғұмыр», «Жүрек сөзі», «Ұлысым менің, тынысым менің», «Ән-Семей», «Абай салған әуелет сол бір әнді» (сөзі Ж.Ысқақтыкі), «Атамекен» (сөзі О.Тұржандыкі) сияқ­ты т.б. әндеріңіз қалай туды? Бас-аяғы қанша ән жаз­ды­ңыз?

– Елуден асады-ау. Әлі де жа­затыным көп деп ойлаймын. Әндерімнің біразы таспаға ба­сылмаған күйінде. Кейде өзім ыңыл­дап іштей қайталап жүремін. Өзіңіз айтқан бірқатар ән ел ішіне таралып, оң бағасын алып та жатыр. Тіпті біразға дейін осы мәселеге онша көп мән бере қоймаппын. Мұным әуел баста жұртқа Арқа ән мектебінің түлегі әрі ұстаз, халық әндерін орындау­шы ретінде танылғандығымнан болса керек. Сәкен Сейфуллин атындағы пединститутта оқып жүргеннен-ақ әр әнге өзімше бір рең қосып, өңдеп, өз бояуымды қосып айтатын едім. Әлі де солай. Мұның өзі бойымдағы сазгерлік қабілеттен екенін кейін аңғардым. Сазгерлер ұсынған әндердің өзін әбден іріктеп-сұрыптап, талға­мы­ма нұқсан тигізбейтінін, дауы­сыма сай келетіндерін ғана шыр­қайтынмын.

 Жалпы, менің жаным поэзияға өте жақын. Ақындардың жыр шанағынан төгілген жібек әуенмен сырласқан сайын алапат бір се­зім буырқанып, теңіздей толқи жөнелесің. Осы сәт ғайыптан құ­лағыңа өздігінен әсем бір әуен құйы­лады. Жүрегімнен туған сондай әсерлі әннің бірі – «Шығысым, шұрайлы елім». Елге деген сағыныштан туған әннің мәтінін Қалқаман бауырыма жаздырдым. Осы әнмен додаға қатысып, жүлделі болдым. Ақын болмағанмен өлеңді жүрек сүзгісінен өткізе білемін. Көңілім құлазыған шақта өлең оқып, қуат жиямын. Ән үнемі сондай кезде туады, өлеңге арнап жазылған әнімнің көп болуы содан. Яғни рухани нәр алатын таусылмас шал­қар бастауым – жыр-дария. Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін бала кезімнен сүйіп оқимын.

Анамды ауылға арулап жерлеп келгеннен кейін немерелерінің бәрі «Әже, Әже» деп іздеп қалды. Тағдырдың жазғанына іштей мойын­сұнғанмен, балалардың осыншама жәутеңдеп, әже мейі­рімін іздеп аласұруы көңілімді қатты қобалжытты. Бір күні Ақерке есімді қыздың фейсбук же­лісіне Төлеген Айбергеновтің «Сағынышын» суретімен қоса салып қойғанын көрдім. Бұрыннан сүйіп оқитын ақынымның өлеңіне қайта үңілдім. Мол қазына тауып алғандай әсерде болдым. Сондағы: «Бабалар бізді сағынған, жаным, арманның аңсап биігін, Әжелер бізді сағынған, жаным, талдырып асқар иығын» деген жолдар жұбаныш күйіндей жанымды ерекше толқытты. Дереу домбырамды қолыма алып, санама сәуле шашқан әуенді қайталай бердім. Жатсам да, тұрсам да осы әуен құлағымнан кетпей қойды. Әбден иіні қанып, икемге келгенше тынши қоймадым. Содан кейін бұл әнді Алматыдағы студияға барып жаздырып келдім. Бүгінде «Сағыныш» әнім әлеуметтік же­ліде, халық арасында кеңінен таралып, танымал әнге айналды.

 Кейінгі бес-алты жылда автор­лық ән қоржыным едәуір көбейді. Белгілі ақын қызымыз Жұлдызай Ысқақ мені бір күні өзі іздеп келіп, әндерімді құмарта тыңдайтынын айтты. Өзі Аягөздің тумасы екен. «Аягөз-ару» әнін орындап жүрген маған бұл кездесу ерекше әсер қалдырды. Сол сәттен бастап екеу­міз әпкелі-сіңлідей араласамыз, шығармашылық тығыз байланыстамыз. Ақынның өлеңдеріне үңіле келе «Жақсы адамдар», «Жү­рек сөзі», «Абай салған әуелет сол бір әнді», «Абай жолы» сияқты т.б. біраз жаңа ән дүниеге келді.

– Халық әндерін кейінгі жас­тар тыңдай бермейді деген пі­кірді құлағымыз шалып қалады. Бұл ұлттық өнерді жет­­кілікті дәрежеде насихаттай алмауы­мыз­­дан орын алған жайт па, әл­де жас ұрпақтың тәрбиесіне дұ­­рыс көңіл бөлмеудің салдары ма?

– Жалпы, әлі күнге дейін бізде халық әні десе, тек жайлауда, киіз үйдің ішінде, тұрмыстық деңгейде ғана айтылады деген жайдақ түсінік санаға әбден сіңіп кеткен сияқты. Сол себепті мұндай әндер көбіне шағын аудиторияда ғана насихатталып жатады. Мұның өзі ұлттық өнерге қойылған шектеу. Негізінде төл дүние ұлттық бояуын сақтай отырып, қазіргі заман үлгісіне сай жаңғыртыла насихатталуы керек. Мезгілдің сан алуа­н сынын бастан кешіп, әр тұста түрліше құбылып, «етек-жеңі» күзеліп, бастапқы келбетінен ажыраса да бағзы бір әндер сұңғыла сезімді әншілердің ұйытқы болуы­мен түп тамыры үзілмей бүгінге дін аман жетіп отыр.

Соңғы жылдары ел аралағанда үкілі домбыраммен, ұлттық киім­мен шығуды әдетке айналдырып жүрмін. Мұндағы ойым дом­быра үнімен дала сарынын жеткі­зіп, ежелден келе жатқан төл мәде­ниетімізге жұрттың сүйіс­пен­­шілігін ояту, ұлттық құн­ды­лы­ғымызды ұлықтау еді. Қуа­натыным, сол сапарларда ұлттық өнерге жаны құштар жастарды көп көрдім. Баяғыда бабаларымыз жастарға өмірдің өткінші, байлықтың баянсыз, жалындаған жастықтың да жастығы қисайып, егделіктің ерте кіретінін әуен арқылы таратып, өсиет-өнегесін өнермен шегелеген екен. Біз сол дәстүрден қол үзіп қалдық. Қа­зіргі жастарды Батыстың даң­ғаза әндерін көп тыңдайды деп кінәлаймыз. Бұл тәрбиедегі жіберіп алған қателігімізден. Теңдесі жоқ рухани байлығымызды өзіне тән сүйкімді әуенімен, қайталанбас ұлттық ерекшеліктерімен, сан қилы бояуымен қазіргі қоғамның ай­нымас құндылығына айналдыру баршамыздың басты міндетіміз болуға тиіс. Мұндай кең көлемді жобаның бірі – Ұлттық домбыра күні. Сол сияқты мәдени-ағарту бағытындағы «Абай ТВ» теле­арнасының ашылуы да қазақ қоғамы үшін үлкен үміт.

– Өнеріңізге бағыт-бағдар сілтеп, рухани демеп отыратын қамқор жандар бар ма? Қанша ән-альбомыңыз жарық көрді?

– Маған халықтың ықыла­сынан, қошеметінен басқа еште­ңенің қажеті жоқ. Осы мақсатта әніме, өнеріме жылы лебіздерін білдіріп, рухани қолдау көрсетіп жүретін қамқор жандар өте көп. Қаржылық жағынан үйіп-төгіп уәде бермегенмен, моральдық тұр­ғыда тілектес жандардың жү­­рек жылуы, қолдауы сезіліп тұ­рады. Мен үшін ең үлкен рухани қолдау – халықтың дәстүрлі өнерге деген сүйіспеншілігі. Өзім жұмыс істейтін «Шабыттағы» шығармашыл ұжымыма, алдыңғы буын ағаларымнан Қайрат Бай­босыновқа, өзімнің ұстазым Ербол Саринге әр кез алғысым шексіз. 

Ал жеке шығармашылығыма келсек, алғашқы екі альбомым да демеушілердің көмегімен жа­рық көрді. Бұған эстрадалық және авторлық әндерім енгізілген болатын. Халық әні мен халық композиторларының әндерін жинақтап, бас-аяғын бүтіндеуіме демеушілік еткен жандар бар. Бірақ мен оны диск ретінде емес, жеке сайт ашып, заманауи талапқа сай тұрпатта насихаттап отырдым.

– Шынайы өнерге жұрт қа­шанда мұқтаж. Ол үшін қазір қазақ қоғамына қандай жобалар қажет деп санайсыз?

– Өнердің айдыны – сахнаны, ұлттың айнасы телеарналарды тазалау керек. Төл өнеріміз бен мәдениетіміздің інжу-маржанын ұлықтайтын жобалар көбірек ұсынылса, елдіктің туы нығая түсер еді. Тасада еленбей жатқан қаншама таланттар бар. Оларды тауып, мемлекет өз қамқорлығына алса деген арман бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлттық арнаға осындай бір тележоба ұсынып, хат жолдадым. Жауабын күтіп жүрмін.

 – Жастарды дәстүрлі өнерге баулып жүрген ұстаз ретінде шә­кірттеріңіздің бойында қан­дай қасиеттердің болғанын қалай­сыз?

– Шәкірттерімнің бойынан ең алдымен тазалықты көргім ке­леді. Бұл тек мұнтаздай киініп, таза жүріп-тұру ғана емес, ол бас­қа мәселе. Орыстың әйгілі жазушысы Ф.Достоевский: «Адам бойындағы бағалауға лайық қасиет – ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жү­рек, мейірімділік, таза ой» деген екен. Менің айтайын дегенім, «жүріс-тұрысы, қимылы тым емін-еркін, ар-ұжданы таза, өнер жо­лында алуан-алуан ізденістерге батыл бара алатын, ақыл-ойы мен бойын ұлтты сүюге, ұлтқа адал қызмет етуге саналы түрде ба­ғыт­тай білген, көзінде оты бар» шәкірт тәрбиелеп шығарғым келеді.

– Карантин тұсында минис­­трліктің қолдауымен көптеген іс-шара онлайн сипатында өткі­зілгені мәлім. Әлеу­меттік желіні өзіңіз қалай пай­да­лан­дыңыз? Алда­ғы уақытта тағы қандай жос­парларыңыз бар?

– Әлемді жайлаған індет біз­дің еліміз үшін де оңай соғып жатқан жоқ. Өнер адамының үйде қамалып жатқаны қандай жаман. Сахнаны сағынған сәтте қолыма домбырамды алып, әуелетіп ән саламын. Өнерсүйер қауыммен әлеуметтік желіде кездесіп, арагі­дік әндеріммен бөлісіп қоюға тура келеді. Себебі халықсыз өнер – тұл. Карантинде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, академиялық филар­монияның ұйымдастыруымен он­лайн-концертім өтті. Басында ың­ғай­сыздау көрінгенмен, оған да үйрендік. Мына сынақтан аман-есен өтейік, алдағы жоспарыммен содан кейін тағы да бөлісе жатармын.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Доллар қымбаттап жатыр

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар