Қоғам • 23 Қазан, 2020

Азық-түлік құны артты

28 рет көрсетілді

Қостанайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің қымбаттағаны байқалады. Орталықтағы көкбазарға барып, 5-6 адамды әңгімеге тартып көріп едік, көбінің қазіргі бағаға көңілі толмайтын болып шықты. Тұтынушылар соңғы екі апта ішінде жұмыртқа, қант, өсімдік майының бағасы едәуір көтеріліп кеткенін айтты.

 

Бөлшек саудамен айналысатын жеке саудагерлердің сөзіне сенсек, өсімдік майы облысқа негізінен Ресейден әкелінеді екен. Шекараның арғы бетінде май бағасы өскен соң жергілікті кәсіпорындар да өнім бағасын көтеріп жіберген.

– Қазір қоймалар бос тұр, сұйық май жоқ. Көтерме сауда орындары май сатуды доғарды. Біз сол қоймада қалғандарын ғана сатып жатырмыз. Мен әдейі молырақ сатып алғанмын. Өйткені өсімдік майы енді қашан әкелінетінін ешкім білмейді. Қазір майдың бағасы 200 теңгеге қымбаттады, – деді сатушы Зоя Қазбекова.

25 жыл бойы бөлшек саудамен айналысып келе жатқан зейнеткердің айтуынша, биыл азық-түлік бағасы сәуірден көтеріле бастаған. Алғаш қара­құмық, күріш, ұн өнімдері 100 теңгеге қымбаттапты. Қазанда алдымен қант бағасы көтерілген. Ең қызығы, жұрт жеміс-жидек қайнататын мезгіл аяқталысымен қант күрт қымбаттап кеткен. Қаланың орталық базарындағы қант бағасы қазан айының басында 220-230 теңге болса, қазіргі баға – 280 теңге.

– Қалада азық-түлік бағасы өте қымбат. Сондықтан тұрғын­дардың реніш-шағымын күн сайын естуге тура келеді. Өзіміз көтерме бағамен сатып алған тауардың үстіне азғантай ақша қосып, нәпақа айырып отырмыз. Қазір сауда тоқырап тұр. Қала ішіндегі автобустарды тоқтатса, мүлдем қиын болмақ. Осы орын үшін айына 40 мың теңге төлеймін. Оның өзін біресе ашады, біресе жауып тастайды, қазір біздің де жағдайымыз мүшкіл, – деді сатушы.

Көңілді күпті еткен көкбазар­дан шығып, қаланың орталы­ғын­дағы шағын дүкендердің біріне бас сұқтық. Мұндағы 1-са­наттағы ірі жұмыртқаның 10 да­насы өткен айда 286 теңге тұрса, қазіргі бағасы 400 теңгеге жет­кен. Бұл сауда орнындағы дүкен­ші де азық-түлік бағасына тұр­ғындардың наразы екенін айтты.

– Соңғы ай ішінде жұмырт­қаның, қант пен өсімдік майы­ның бағасы шарықтап кетті. Өткен айда 1 кило қантты 280 тең­геге саудаласақ, қазір 350 тең­геден сатып жатырмыз. Әдетте қант бағасы жаз ортасына таман көтерілетін, биыл күзде қымбаттады. Қысқасы, қалған азық-түліктің барлығының бағасы 20-50 теңгеге өсті. Кон­дитерлік өнімдер де сәл қым­бат­тады. Нан бағасы 5 теңгеге көтерілді. Сіріңке мүлде жоқ. Қазір сіріңке алмаймын. Біз тауар алып жүрген «Складской» көтерме-сауда орталығында біраздан бері жоқ. Өткен аптада алыпсатарлар сіріңкенің бір қаптамасын 200 теңгеден алып келді. Алған жоқпын. Оны жұртқа қайтып сатамын? Бір қаптамада 10 қорап сіріңке бар. Сонда бір қорабын 20 теңгеден сатып алсам, үстіне кем дегенде 2 теңге қосып сатуым керек. Бұрын сіріңкенің қорабы 5 теңгеден болатын, одан кейін 9 теңге болды. Өткен аптада мүл­де жоғалып кетті. Осы аптада қалай екенін білмеймін, – деді аты-жөнін атаудан бас тартқан дүкенші.

Біз бұған дейін болған көк­базар­да бір қаптама сіріңкені 60 тең­­геден табуға болады. Бі­рақ сау­­да­герлер көтерме сауда орын­дарын­да қазір сіріңке жоқ екенін айтты.

Өткен сенбіден қала орталы­ғында азық-түлік жәрмеңкесі өткен. Негізінен ет, картоп, көкөніс, сүт пен жұмыртқа, ұн сияқты әлеуметтік ма­ңы­зы бар азық-түлік өнімдері са­тыл­ды. Мұндағы баға нарық­тағы­дан едәуір төмен. Өйткені тұтынушы өнімді ешбір делдал­сыз тауар өндірушінің қолы­нан тікелей сатып алады. Жәр­меңкеге 130-дан аса шаруа қо­жалығы өз өнімдерін әкеліп, қостанайлықтар жалпы көлемі 140 тоннаның үстіндегі арзан тауарды таразы басынан талап әкетті. Жәрмеңке басына келген ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Бисембаев «Қала халқына 28 тонна ет өнімдері, 19 тонна сиыр еті, 5 тонна жылқы еті, 100 кило қой еті, 400 тонна құс еті арзан бағамен ұсынылып отыр. Сонымен қатар 14 тонна жоғары сұрыпты ұн, 5,5 тонна макарон, 144 мың жұмыртқа, 10 тонна өсімдік майы әкелінді. Тұрақтандыру қорынан жалпы көлемі 55 тонна болатын 7 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саудаланады» деген.

Жалпы облыстағы тұрақтан­дыру қорының жасақталуына «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоға­мы жауапты. Аталған мекеме берген мәлімет бойынша, облыстың азық-түлік тауар­лары­­ның өңірлік тұрақтандыру қорын­да жалпы құны 404,3 млн теңге тұратын 1,6 мың тонна өнім және 8 млн жұмыртқа бар.

– Оның ішінде 181,1 тонна ақ қант пен құмшекер, 19,3 тонна күріш, 1,05 тонна қарақұ­мық жармасы, 277,8 тонна мака­рон, 38,7 тонна күнбағыс майы, 1 тон­на сары май, 10 тонна сиыр еті, 2 тонна тауық еті, 100 тонна картоп, 420 тонна сәбіз, 310 тон­на қырыққабат, 292,1 тонна пияз, 8 млн 1-санаттағы тауық жұ­мырт­қасы бар. Ағымдағы жылы тұрақтандыру қорына жалпы сомасы 639,5 млн теңгеге 3,5 мың тонна тауар сатып алын­ды. Жалпы облыста әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті, – деді қор­дың тұрақ­тандыру жұмыстары жөнін­дегі департаментінің басшысы Мәдина Махмұтова.

 

Қостанай облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар