Саясат • 25 Қараша, 2020

Бейжіңде индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық туралы талқыланды

10 рет көрсетілді

Бейжіңде "12th China Overseas Investment Fair" шеңберінде Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықтың үшінші Қазақстан-Қытай форумы өтті. Іс-шараны "China Overseas Development Association" және "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Іс-шараға 200-ден астам қазақстандық және қытайлық мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастығының мүшелері қатысты.

Форумды ашқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров бүгінгі таңда екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Пандемияның Қазақстан экономикасына теріс әсерін азайту мақсатында ел басшылығы жаңа инвестициялық құралдар құру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы инвестициялық тартымдылықты арттыруға, мемлекеттік саясаттардың транспаренттілігі мен болжамдылығын қамтамасыз етуге бағытталған елеулі өзгерістер мен реформалардың қажеттігін атап өтті.

"Қазіргі уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша стратегиялық инвестициялық келісім түрінде ірі инвесторларды қолдаудың қосымша құралын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы келісім инвесторларға салықтық преференциялар, жеңілдікті қаржыландыру, мемлекет тарапынан кепілдік берілген сатып алу, сондай-ақ экспорттық қолдау түрінде мемлекеттік қолдау шараларының кешенді пакетін ұсынады. Заңнама тұрақтылығының кепілдіктері мен салалық преференциялардың болуын атап өту маңызды", деді А.Айдаров.

Пандемия жағдайында жұмыстарды қайта бастауға және ҚР мен ҚХР арасындағы инвестициялық ынтымақтастық әлеуетіне арналған панельдік сессия шеңберінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесерін "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев жасады.

"Пандемияға қарамастан біз жұмыс форматын уақытылы қайта құра алдық. Пандемия шыңы кезеңінде инвесторлардың іскерлік белсенділігінің төмендеуіне байланысты біз жұмыстың фокусын жоғары пысықталған жобаларды қолдауға бағыттадық. Құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау, шетелден заманауи жабдықтарды әкелу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жұмысын қайта бастау мәселелері жедел шешілді. Заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен зауытты қашықтықтан іске қосу-жөндеу жұмыстарын жүргізудің алғышарттары бар. Бүгінде KAZAKH INVEST шетелдік бизнеспен қарқынды байланыс орнатып отыр. Жобалармен жұмыс істейтін компаниялармен үнемі бейнеконференциялар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, біз сұраныстардың барлық түрлері үшін 24/7 жедел желісін енгіздік", деп атап өтті Б. Сартбаев

Сонымен қатар, АХҚО-ның ҚХР-дағы өкілі Т.Маликов қатысушыларға АХҚО алаңы ұсынатын ҚР мен Орталық Азияда бизнес жүргізудің бірегей шарттарын таныстырды.

Сондай-ақ форумда "China Overseas Development Association" президенті Ху Вэйпин, ҚХР даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің шетелдік инвестициялар департаменті директорының орынбасары Чжэн Чжипин, China Power International Holding, China Tianchen Engineering Corporation, Universal Energy, China International Investment Management Consulting, General China Insurance, PICC, China Credit Insurance, China Nonferrous Metal, Gezhouba Overseas investment компаниялардың басшылары сөз сөйледі.

Іс-шара барысында пандемия кезеңінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша өзара іс-қимыл мәселелері, инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары, қазіргі уақытта бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде екі елдің компаниялары тап болуы мүмкін тәуекелдер және оларды еңсеру жолдары талқыланды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда 25 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, $24,7 млрд сомасына Қазақстан-Қытай жобалары әртүрлі пысықтау сатысында тұр. $4 млрд-қа 16 жоба іске асырылды. Олардың қатарында автомобильдер мен электрокарлар өндірісі, рапс майын өндіру және жалпы қуаттылығы 180 МВт болатын 3 күн электр станциясы бар. Сонымен қатар, келесі жылы АӨК, ТМК, инфрақұрылым, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларында бірқатар жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.

"China Overseas Investment Fair" Пекин қаласында өткізілетін жыл сайынғы инвестициялық форум. Іс-шара ҚХР даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің тапсырысы бойынша өткізіледі, ұйымдастырушылар "China Overseas Development Association". Жыл сайын форумға 500-ден астам бизнес өкілдері қатысады.

Соңғы жаңалықтар

Маңызды қадам болды

Парламент • Кеше

Ұқсас жаңалықтар