Оқиға • 03 Желтоқсан, 2020

Елордада 106 отбасы пәтер кілтін алды

4 рет көрсетілді

Тұңғыш Президент күні Нұр-Сұлтан қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік коммуналдық құрылыс бағдарламасы және Қазақстан ипотекалық компаниясы мен елорда әкімдігі арасында қол қойылған келісім аясында жаңа пәтерлердің кілттерін тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімі Алтай Көлгінов және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов қатысты.

Бір бөлмелі 106 пәтерден тұра­тын он екі қабатты жаңа үй Тілен­диев даңғылынан оңтүстікке қарай, Сары­бұлақ өзенінің бойында, Ш.Қос­шығұлұлы көшесінде орналасқан. Барлық пәтер кезекте тұрғандарға таза әрленген және қоныстануға да­йын күйінде беріледі. Жалға алу құны 1 шаршы метр үшін айына 1 455 теңгені құрайды. Пәтер алғандардың арасында дәрігерлер, медбикелер, ғылыми қызметкерлер, зертханашылар, оқытушылар, тәрбиешілер, әлеуметтік қызметкерлер, полиция және ТЖД қызметкерлері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің құтқарушылары мен қызметкерлері бар.

«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларын іске асырудың нәтижесінде елі­міздің көптеген азаматы жеңіл­дікті шарттармен тұрғын үй алуда. Осы жылдың жазында біздің компания мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі арасында денсаулық сақтау, білім беру қызметкерлері, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ полиция және ТЖД қызметкерлері қатарынан жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандарға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын үй беру туралы келісімге қол қойылды. Осы әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға біз көп жылдық тәжірибемізді ескере отырып кірістік. Бүгін біз өте маңызды, әсіресе осындай қиын уақытта, әлеуметтік сала өкілдеріне кілттерін табыстаймыз», деді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Берілетін пәтерлердің ауданы 37-ден 53 шаршы метрге дейін. Жал­дау мерзімі – 20 жыл. Жалдау мерзімі аяқ­талғаннан кейін пәтерлер тұрғын­дар­дың меншігіне өтеді. Мерзімінен бұрын өтеуге мораторий жоқ, жалға алушы­лар тұрғын үйді қалдық құны бойын­ша кез келген уақытта сатып ала алады.

«Тұңғыш Президент күні қала тұрғындарының тағы бір бөлігі өз пәтер­лерінде қоныс тойын тойлайды. Бүгін мұғалімдер, медицина қыз­меткерлері, ТЖД, ЖП қыз­меткерлері, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері баспаналарына кірді. Аталған пәтерлер Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірге, жылдар бойы баспананы күтіп, кезекте тұрған тұлғаларға сатылды. Осы бағдарлама бойынша мыңға жуық пәтер жоспарланған. 350-ден астамы таратылды, бүгін 100-ден астам отбасы баспаналарына кірді», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Соңғы жаңалықтар

Маңызды қадам болды

Парламент • Кеше

Ұқсас жаңалықтар