Қоғам • 16 Қаңтар, 2020

Түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуі тиіс

45 рет көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов азаматтардың атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтініштерін тағайындау барысымен танысу мақсатында Түркістан облысына келді. Жұмыс сапары кезінде министр облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевпен бірге тұрғындармен кездесіп, 1 қаңтардан бастап енгізілген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Арнайы жұмыс тобы Түркістан, Кентау қалаларының Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Қалалық мәдениет үйінде өткен кездесуде Түркістан қаласының тұрғындары министрден қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандарын жаппай жұмыстан босатуды сұрады. Өйткені жұмыспен қамту орталығындағылар жұртты көп әуре-сарсаңға салатын көрінеді. Бұл орайда министр көпшілікке ұсынылған жұмыстан бас тартпауға кеңес берді. «Сіздерді ешкім мәжбүрлемейді. Ол жұмыс тұрғылықты жеріңізден алыс болса, сізге қолайсыз болса, онда біз кінәлі боламыз. Қолайлы жұмыс табылғанға дейін атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылмайды. Мемлекет мұқтаж жандарға, балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі. Бұл ең басты қағида. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Бұл тұста айта кететін жайт, мемлекет жұмыс табуға не шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Көп балалы отбасыларға республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізіледі. Бұл үлкен отбасыларға, яғни, 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар азаматтарға, олардың табысына қарамастан төленеді», дей келе Б.Нұрымбетов АӘК-тің қалай және кімдерге төленетінін егжей-тегжейлі түсін­дірді. Ал жауапты қызметкерлер АӘК-ке жүгінетін азаматтардан құжаттар­ды қабылдау кезінде әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет екенін атап өтті. «Біріншіден, сіз азаматтарға АӘК тағайындау үшін құжаттарды қаңтар айының соңына дейін тапсыруға болатынын және ақпан айына дейін барлық критерийлерге сәйкес келетіндер атаулы әлеуметтік көмек алатынын түсіндіруіңіз керек. Азаматтарға дүрбелең мен жаппай кезек құрудың қажеті жоқ, өтініш беруге тағы жарты ай бар», деді министр. Сондай-ақ азаматтар ХЖҚО-ға және халықты жұмыспен қамту бөлімдеріне жаппай жүгінген жағдайда жүкті әйелдер мен балалары бар әйелдердің құжаттарын қабылдайтын жеке қызметкерлер бөлуді ұсынды. Азаматтардың материалдық жағдайын бағалау процесінде учаскелік комиссиялардың рөлін күшейтуді ескере отырып, АӘК тағайындау кезінде олардың қалай жұмыс істеуі керектігі туралы нақты түсінік берді.

Ал Кентау қаласында министр АӘК арқылы қаржылық жағдайын жақсартып қана қоймай, өз ісін ашуға да мүмкіндік алған отбасына барды. «Еңбек» бағдарла­масымен тігінші мамандығын оқып мең­герген Гүлмира Юлдашева 505 мың теңге мемлекеттік грант алып, кәсібін ашқан. Бүгінде үйінде отырып-ақ құрақ көрпеге тапсырыстар қабылдауда. «Жеті баламен екі бөлмелі пәтеріңізде отырып-ақ өз кәсібіңізді дөңгелеткен сізге алғысым шексіз. Жұмысыңыз табысты болсын», деп тілектестік білдірген министр Г.Юлдашеваның ісін көпке үлгі етті.

Сондай-ақ Б.Нұрымбетов Түркістанда көп балалы аналар мен табысы аз азаматтармен кездесуде атаулы әлеуметтік көмек көрсету мен көп балалы отбасыларды қолдаудың жаңа тәсілдерінің мәнін түсіндірді. «Мемлекеттік көмектің жаңа шаралары кешенді жүзеге асырылады және оған көп балалы отбасыларды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, табысы аз отбасылардағы балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтама кіреді», деді министр. Ол ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көп балалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілгенін атап өтті. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде төленеді. Осындай төлемді ағымдағы жылғы қаңтарда жалпы сомасы 17,7 млрд теңгеге 367 мың отбасы алды. «Табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған. Мұнда балалар саны, бір бала немесе төрт бала болуы маңызды емес. АӘК тағайындау үшін басты критерий – бұл жан басына шаққандағы орташа табысы отбасының әрбір мүшесіне аймақтық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспауы тиіс. Отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде айқындалатын болады. АӘК ашықтығын қамтамасыз ету үшін тоқсан сайын тағайындалады, ал отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайтылады. Егер отбасы АӘК қажет деп есептесе, онда қаңтар айында әлеуметтік көмекті тағайындау үшін құжаттар тапсыра алады. АӘК алатын барлық отбасылардың балаларына мемлекет кепілдік берген әлеуметтік топтама ұсынылады», деді Б.Нұрымбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қажетті өзгерістер енгізілген. Көп балалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту үшін оларға микрокредиттер жылдық 4%-дан аспайтын пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті шарттармен берілетін болады. Бұдан басқа, халықтың барлық санаттары үшін мемлекеттік гранттардың бірыңғай мөлшері – 200 АЕК белгіленген. Сонымен қатар көп балалы және табысы аз отбасы мүшелері алдын ала білім алусыз грант алуға құқылы. Министр жұмыс сапарының соңында табысы аз отбасылардағы балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтама беру шеңберінде сатып алынатын дайын азық-түлік пен гигиеналық жиынтықтарды көріп, облыс қалалары мен аудандары әкімдіктерінің қызметкерлерімен жаңа форматтағы АӘК көрсету мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Әскерилер қан тапсырды

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар