Қоғам • 05 Қазан, 2020

Ұялы телефонның зияны

525 рет көрсетілді

Израиль елінің Реховот қаласында ор­на­ласқан Вайзман медициналық ғылыми-зерттеу инсититутының профессоры, қатер­лі ісік дертін емдеудің танымал маманы Рони Сегер мырза ұялы телефон­ды әр кез қол­дан­ған тұста бөлінетін электромагниттік өріс бар­лық тіршілік иелеріне, cоның ішінде адам ағзасына аса үлкен зиян тигізетінін дәлелдеп шықты.

Бұдан бұрын да финляндиялық ғалымдар ұялы телефоннан бөлінетін радиоактивті сәуле адамның жұлын-жүйке жүйесі мен мидағы қан тамырларына кері әсер ететіні жайлы мәлімдеген еді. Іле-шала швециялық мамандар да ұялы телефонды үздіксіз 10 жыл қолданған адамның есту қабілеті әдеттегі тұлғалармен салыстырғанда 39 пайыз нашарлағанын байқаған.

Сол сияқты аустралиялық дәрігер-ғалым нерв жүйесі һәм ісік ауруларының білгірі Вин Куран ұялы телефон пайдаланатын 100 адамға физиологиялық тұрғыдан салыстырмалы зерттеу жүргізіп, бақылаудың нәтижесінде бұлардың көбінің ми қабатын ісік шалу зиянын байқаған. Бұл дерт арада 10 жыл өткенде тіпті ұлғайып, өлім қаупін туғызарын анықтаған. В.Куран мырзаның пайымдауынша, әлем бойынша темекінің салдарынан жылына бес миллион адам ажал құшатын болса, болашақта ұялы телефон зиянынан өмірден өтетіндер саны бұдан да бірнеше есе көп болары хақ дейді.

Жоғарыдағы ғаламдық қауіпті тенденция біздің ел тұрғындарын да айналып өтпе­сі анық. Дәл қазір республика көлемінде теле­ком­муникацияның дамуына байланыс­ты, элекетромагниттік өрістер жойдасыз өсе түсу­де. 1990 жылмен салыстырғанда елімізде, оның ішінде үлкен және моноқалаларда, электромагниттік өрістің таралуы ондаған есе өсіп, тіпті ірі қалаларда оның мөлшері қалыпты нормадан 1000 есе артқан көрінеді.

Яғни, қалыптан тыс көбейген электро­магниттік өріс адамның нерв жүйесіне, ішкі ағзаларына, физиологиялық дамуына зиян келтірумен қатар, ескі ауруларын қоздырып, адамның сергек ойлау, жақсы көру, дұрыс есте сақтау қабілетін әлсіретіп, жыныстық ағза және эмбрионның дамып жетілуі мен қыз­­метіне теріс ықпалын тигізеді екен. Әсі­ресе жүкті әйелдердің электромагниттік өріс аумағында болуы іштегі нәрестені туа біт­ті кеселге ұрындырары ғылыми тұрғыдан дәлел­деніп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын «екі­қабат әйелдердің ұялы телефон пайдалануы оның денсаулығына орасан зиян тигізеді» деп иондық емес сәуледен қорғану жөніндегі Ресей ұлттық комитеті де дабыл қаққан болатын.

Қазіргі таңда күллі адам баласы, әсіресе жастар күндіз-түні «соткаға» жабысып, бір сәт ажырамайды. Түнімен музыка тыңдайды, бір-бірімен хат-хабар алмасады. Ғалымдар ұялы теле­фонды қуаттандыратын қондырғы адамнан жар­ты метр алыс болғаны жөн дейді. Егер бұ­дан жақын болса, онда жоғары кернеулі электр сымының астында ұйықтағанмен бірдей екен.

Сондай-ақ ұялы телефон пайдаланушылар қатаң ескеретін жайт – құрылғыны тоққа қосқан күйде пайдаланудың қатері. Мұндай жағдайда, яғни тоққа қосулы телефон антеннасы жоғары деңгейде радиация шығарады да қызған құрылғы адамның дене мүшелерін, соның ішінде миын қыздырып денсаулығына кері әсер етеді. Тіпті кейбір жағдайда сапасыз смартфон салдарынан пайдаланушы өмірімен қоштасу жайлары да тіркелуде.

Мысалы, өткен жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында қуат­талып тұрған ұялы телефонды пайдалану­дың кесірінен тоқ соғып 15 жастағы бойжеткен көз жұмса, жақында ғана аталған облыстың Қаратал ауданында 14 жастағы оқушы тоққа қосулы телефонмен сөйлесіп отырғанда құрылғы жарылып, жас өмірі қыршын кетті.

Британдық әлеуметтанушы Энтони Гидденс: «Біздің қоғам нашақорлар мен мас­күнемдерден қашады. Оларды ұнатпайды. Болашақта ұялы телефонның зияны бұл екеуінен де асып түсерін адамзат әлі сезіне алған жоқ», десе, айфонның атасы Стив Джобс отбасы мүшелеріне үй ішінде ұялы теле­фон қолдануға тыйым салып, бос уақыт­тарын кітап оқуға жұмсайтын қатаң үрдіс қалып­тастырғанын мәлімдесе, ежелгі көрші қытай ағайындарда ұялы телефонның зиянын қара бұқараға ескерту үшін Хэйхэ қаласының орталығына «Смартфон ұстаған үлкеннен кітап құмар бала артық» деген ойды ишара етіп үлкен ескерткіш орнатыпты.

Сөз соңында, айтарымыз ақын бауырымыз Қуаныш Қолқаев: «Басып озған зияны, Талай-талай «мықтыны», Адам бүгін ұялы, Телефонның тұтқыны. Құлыпсыз сол түрмеге, Құмар-ақ жұрт шетінен. Қонақта да, үйде де, Көз алмаймыз бетінен...» дегендей, «ұялы телефонның тұтқыны» болудан сақтанайық ағайын!

Соңғы жаңалықтар

Музейлер, тарихи мұралар жаңғыртылуда

Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2020

Бір түнде бес мас жүргізуші анықталды

Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2020

Қазақстан Туын қайдан сатып алуға болады?

Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2020

Ұқсас жаңалықтар