Қоғам • 10 Қыркүйек, 2020

Арбамен табылған адал ас

39 рет көрсетілді

Балалары мен немере-шөберелерінің қуанышы мен қызығына марқайып, өмірдің алтын арқауы – ата-баба дәстүрін үзіп алмай, ұлы көшті ұрпақ жарастығымен жалғастыру, ешнәрсеге мұқтаж болмау, айналасындағы үлкен-кішінің құрметіне бөленіп, абырой биігінен табылу – үлкен ғанибет!

Тағдыр қиындығы мен сынағын қайсар­лықпен жеңіп, адал еңбекпен өмір сүре білген мұндай жандарды жұрт айрықша қадірлеп, бағалайды. Бірақ өмір дегеніңіз ежелден жұмбағы жұмыр тылсым әлем десек, кейде са­йын даланың сағымындай бұлдырап, сынаптай құбылып, көңілге ала бұлт үйірілтіп, жапырағы желге тоналған күзгі бақтың кейпін еске салады. Кез келген қазақ қариясы үшін отбасы, ағайын-туыс пен дос-жаранның ортасында сыйлы болу, төрден түспей, сыйын кетірмей, әдемі қартаю бақытқа баланады. Бірақ қарттарымыздың бәрі бірдей шат-шадыман өмір сүріп, жүздерінде қуаныштың нұры шалқып тұр деп айта аламыз ба? Жаһандану жалыны шарпыған заманда жасы үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, құрмет көрсетпек тұрмақ керексіз қылып барады.

Біз материалдық жағдай үстемдік құрған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қарт адам үйде сыйлы болуы үшін оның зейнетақы алуы маңызды саналады. Сондықтан бүгінде адамды жасына қарай емес, берген асына қарап бағалау белең алып кетті. Қазақстандағы Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, жасы 60-65-тен асқан адамдар саны жылдан-жылға артып келеді екен. Ал өмір сүру жасының орташа ұзақтығы – 69 жас. Ал әлемде ең ұзақ өмір сүру жағынан Щвейцария халқы алда тұр. Онда өмір сүру ұзақтығы – 82-83 жас, соған қарамастан зейнет­керлікке әйелдер – 64, ер адамдар 65 жасында шығады. 60-тан асқандар саны мемлекеттің 23 пайызын құрайтын көрінеді. Халықаралық зерттеулер Исландия, Испания, Франция, Италия, Аустралия, Норвегия, Израиль елдерінде өмір сүру ұзақтығы 81-82 жас екенін көрсетеді. Бұдан шығар қорытынды, ел мәдениетінің деңгейі қарттарға жасалған қамқорлықпен, адам жасының ұзақтығымен өлшенеді деген сөз.

Адам ойы тым шапшаң: құйындай ұшырып, қиырды шарлайды. Мұндайда, әрине, көбіне естіген әңгімеңнен гөрі, өзің куә болып жүрген жайтты алға тартудың қисынды түйілетіні түсінікті. Жақында ауладағы қоқыс жәшіктерден қағаз қорап пен темір-терсек теріп жүрген зейнеткерді жолықтырып қалғанымыз бар. Оны жұрт сырттай «арба сүйреткен апа» деп атайды. Үстіндегі киіміне, тазалығына, белінен еппен буылып, арбаға өте мұқият тиелген қағаз қораптарына қарағанда қоқыс жағалап қорланатын міскін жанға ұқсай бермейді. Сонда шүйкедей қарт не үшін бұлай жанталасып жүр? Тұрмысы төмен отбасылар мен кембағал жандарға Үкімет тарапынан көңіл бөлініп, көмек беріліп жатқаны да мәлім. Соған қарамастан тұрмыс ауыртпалығы иығына түскен мұндай қартаң жандар туралы жанайқай өте көп. Тіпті өңірлерден де осы тақылеттес оқиғаларға орай дабыл қағылып жатады. Көше бойында қайыр сұрап отыратындары қаншама. Олардың бәрінің мұндай күйге душар болуының себебін сұрастырып, егжей-тегжейлі білу үшін көп уақыт керек. Алайда бір-біріне ұқсамайтын осы сандаған тағдырдың бәріне ортақ бір мәселе бар. Ол – тағы да сол қу ақша, тапшылық пен жетіспеушілік. Әдетте зейнеткерлікке жеткен жандарды құрметті еңбек демалысына шықты деп дәріптеп жатамыз. Құрметті деген сөз қандай құлаққа жағымды естіледі! Ол бір алаңсыз керемет әлем секілді өзіне асықтырады. Өкінішке қарай, зейнетақысы күнкөрісі мен дәрі-дәрмегіне жетпей, амалсыз түрлі жұмысқа жегіліп жүрген қилы тағдырлармен бетпе-бет жүздескенде көңіліңізді көкжиекке ұшырған тәтті сезімді басқа ойлар алмастырып, бұл сөздің мағынасы әп-сәтте басқаша сипат алып шыға келер еді. Біз әңгімеге тартқан 83 жастағы Сара есімді кейуананың да қолда барға разы болып, шүкірлік ететін шағында тұрмыстың тұңғиығына шөгіп, еңсесін тік ұстай алмай қалуы – жоқшылықтың салдары.

– Кейде мешіт пен базардың маңайында он екі мүшесі сау адамдар алақан жайып, қайыр сұрап отырады. Тұрмыстың ауыр тауқыметі жасытқан жандардың тағдырын түсінемін. Бұл үшін оларды жазғыру сөкет болар еді. Аяқ-қолы жоқ, жан бағуға қауқары жетпейтін кемтар жанға өкпе жоқ. Мұндай әрекетке мұқтаждықтан барғаны анық, ал енді он екі мүшесі сау бола тұрып, көшеде алақан жа­йып отырған адамдарды түсінбеймін. Мен немерелеріме маңдай тер, табан ақыммен адал ас жегізгім келеді. Жатақхананың бір бөлмелі пәтерінде қысылып-қымтырылып 6-7 жан тұрып жатырмыз. Ұлым – мүгедек, келінім де. Үш немерем мектепте оқиды. Зейнетақы, жәрдемақы жетпейді. Сол себепті қағаз қораптың әр килосын қабылдау пунктіне он теңгеден өткіземін. Былтыр 28 теңгеден еді. Биыл бағасы түсіп кетті, – деп қамығады қамқорлыққа зәру жан. Қариялар мәселесіне «Қарттар күні» ғана көңіл бөлетініміз, осы күнді сылтауратып, майда-шүйде сыйлықпен көңілдерін алдарқатып қоятынымыз қандай өкінішті. Мұсылмандыққа жүгінсек, өсетін елдің өнегелі ұрпағы «Үйдегі қарияң – жазып қойған хатпен тең» демекші, қариясы мен кейуанасын жүрегімен сүйіп, сыйлауға әрдайым міндетті емес пе?!

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар қымбаттап жатыр

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар