Қоғам • 03 Желтоқсан, 2020

Антқа адалдық алғыс арқалатты

43 рет көрсетілді

«Аполлон дәрігердің, Асклепийдің, Гигиея мен Панакеяның және түрлі тәңірлердің атын атап, оларды куә ете отырып, мына серт пен жазбаша шартты шама-шарқымның жеткенінше адал орындауға ант етемін...» деп дәрігерлер қызметке алғаш қадам басқанда Гиппократтың уәдесін береді. Уәде – құдай аты. Осыдан соң ақ халаттылар адам жаны үшін шыр-пыр болып жүгірмей қайтсін?! Әрине, пендеауи тірлікпен «бір қарын майды шірітіп» қоятындарды да жоққа шығармаспыз. Бірақ дәл бұл жолғы айтпағымыз – коронавирус дейтұғын кеселмен кірпік ілмей күрескен дәрігерлердің тірлігі.

2019 жылдың соңына қарай Қытайдың Ухань қаласында коронавирус ин­фек­циясы шықты дегенді жүре тыңда­ған­дай болып, елемегенбіз. Халқы со­­­ның кесірінен аурухана төсегіне таңы­лып жатқанын біле тұра, ақылға қонымды-қонымсыз болжамдар айттық. Ол кез­дері тым жайбарақат едік. Италияның қарттары қынадай қырылып жатқан­да ғана жаңалықтарға құлақ түрген бол­дық. Десе де шыны сол, Қытайдың сонау шығысындағы қаласында тұтанған дерт­­тің қазақтың даласына дендеп кі­руі тірліктің күйбеңімен жүрген бұқа­раның ойына кіріп-шықпаған. Бұған дейін де көрші елде өршіген «шошқа тұмауы», «құс тұмауы» сияқты жұқпалы аурулар елімізге айтарлықтай қауіп төн­дірмеген. Жо-жоқ, төндірді де. Бі­рақ бүгінгідей шекараларға шектеу қойы­лып, елді мекендерде жаппай каран­тин жарияланбаған. Қашықтан жұмыс істеп, онлайн оқу деген мүлде болмаған. Дәл осындай жағдай тарихта тұңғыш рет.

Аты өшкір Covid-19 ғой, дүниені дүр­ліктіріп, алаңсыз күйдегі халықтың тір­лігіне тұсау болды. Тұсау болғаннан бұ­рын қаншама азаматтарды алып ұрып, келместің кемесіне мінгізді. Халықтың берекесін қашырды.

Көктем шығып, жер аяғы кеңи баста­ғанда көзге көрінбейтін коронавирус індеті Қазақстанға да жеткен. Ел шу етті. Күн сайын вирус жұқтырғандарды қалт жібермей санаумен болды. Алғашында біреу, екеу, тоғыз, кейін отыз, жүз деп кете берді... Жұқтырғандар саны арт­қан сайын көпшіліктің бойын үрей би­лей бастады. Кейбіреу керісінше, кеса­пат емес, саясат десіп, күмәнмен қа­рады. Біреудің пікірімен санасып, кең­седе кеңінен кеңесіп отыратын уақыт емес. Әр минут қымбат еді. Аудан, қала қақ­­паларына блок-бекеттер қойыл­ды. Ав­томат асынған әскерилер, полицей­лер, дәрігерлер кірпік қақпай жолау­шы­лар­дың денсаулықтарын тексерді.

Өскеменнің көшесіндегі сабылысты азайту үшін «тақ, жұп» деген ереже ен­гізілді. Тұрғындарға ақ және жасыл түсті карта таратылып, сол бойынша ғана далаға шығуға рұқсат етілді. Сөй­­тіп, айналдырған бір ай ішінде Шы­ғыс­­та темірдей тәртіп орнады. Бәрі ха­лық­тың амандығы үшін. «Сақтансаң – сақ­­тайды» дейді емес пе?! Әй, бірақ, әлем­ді жайлаған вирус қойсын ба?! Күн­­­дердің күні індет жұқтырғандар Се­мей­ден шықты. Араға аз уақыт салып, Өс­­кеменнен анықталды. Аудандарға, ауыл­­дарға тарады. Алғашында қалалық жер­­де коронавирус инфекциясы шық­қан көп­қабатты үйлердің айналасына лента тартылып, әр тұрғыннан ПТР-тест алынды. Маңайын қиқулатып жедел жәрдем көлігі торуылдап, тұмшалана киін­ген медицина қызметкерлері кіріп-шы­ғып жататын. Олардың қызметтегі қауіп­сіздігін облыстағы эпидемиолог дәрі­гердің бірі Айдын Жұмай қа­дағалап жүр­ді. Өйткені әр дәрігердің денсаулығы маңызды. Абзал жандар ауырып жатса, халықтың күні кімге қарайды?! Сол бір кезеңде ақ халат кигендер құдайдай көрініп, «дәрігерлерге күнімізді салмасын» дегендер де сап тыйылған.

Ең алғаш індет іргеге келгенде тұм­шаланып жүрген ақ киімділерге былайғы жұрт үркіп, үрейленіп те қарағаны жасырын емес. Тіпті вирус шыққан көшені айналып өтуге тырысатын. Ал арты қандай жағдайға әкеліп соқтырары белгісіз вируспен күрестің бел ортасыда жүрген дәрігерлердікі ерлік. Соғыста кеудесін оққа тосқан сарбаздай дәрігерлер де коронавируспен күреске білек сыбана кірісті. Гиппократтың антына адал абзал жандар кері шегінбек емес. Кері шегінгенді қойып, кезекті еңбек демалыстарына шығу-шықпаулары екіталай болған. Жауапкершіліктің бәрі меди­цина саласы майталмандарының мой­нында-тұғын (әлі де солай).

– Алдымен барлық медицина қыз­меткерлерімен пандемия кезінде не істеу керектігін пысықтадық. Дәрігерлерге қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалануды үйреттік. Күнделікті жаттығу жұмыстары тыңғылықты жүргізілді. Температурасы көтеріліп, жөтел қы­сып келгендер үшін жеке фильтрлер ұйым­дастырылды. Сол жерде ПТР-тест алынып, оң нәтиже көрсетсе, оқшау­лауға алып отырдық, – деді эпидемиолог дәрі­гер Айдын Жұмай.

Эпидемиолог дәрігердің айтуынша, жедел түрде медициналық мекемелерде қосымша постылар ұйымдастырылған. Наурыз айында шетелден келгендерді оқшаулап, денсаулықтарын тексеру үшін обсервациялық стационар ашыл­­ды. Дәрігерлер 14 күн бойы олар­­­дың жағдайларын бақылауда ұс­та­ды. Сонымен қатар коронавирус ин­фекциясы болуы мүмкін адамдар үшін 100 төсектік орын жабдықталды. Ал олар­­мен байланыста болған дәрігерлер қо­нақ­үйде жатып жүрді. Сөйтіп, медици­на қыз­меткерлері халықты барынша ­сақ­тан­дыруға тырысқан.

Әуелде профилактикалық жұ­мыс жүргізіп, ауырмаудың жолын із­де­ген­­дерімен, кейін ем іздеуге тура кел­ді. Жаз­ға салым провизорлық инфек­ция­лық бөлімдердің есігінде тыным болма­ды. Күніне ондаған адам түсетін. Нау­­­қастарды аман алып қалу үшін мың­­­­даған медицина қызметкері жұ­мыл­­­­дырылды. Қауіпті вирус жұқтыр­ған­­­дармен тікелей қарым-қатынаста же­­­дел жәрдем көлігінің жүргізушілері, фельд­­шерлер, медбикелер, тамақ бе­ру­ші­­лер, дәрігерлер болды. Бірінің жұ­мы­сы ба­ғаланып, енді бірінікі еленбей жат­қа­нымен, бәрінің еңбектері ерен.

Індет өршіп, екі күннің бірінде қа­ралы хабар естіп жатқан уақытта алдың­ғы шепте жұмыс істеген дәрігер Наркес Әділханованы әңгімеге тартып көрген едік.

– Провизор бөлімінде өмір мүлдем басқа еді. Нақты емі табылмай тұрған вирусты аяқасты жұқтырып алсақ, арты неге апарып соқтырарын елестетудің өзі қорқынышты. Өйткені дем жетпей, қиналып жатқандарды күнде көріп жүрдік. Бар мақсатымыз – науқастарды құтқару. Бейнебір соғыс кезіндегідей. Жедел жәрдем науқастарды үсті-үстіне әкеліп жатты. Қайсысына жүгірерімізді білмедік. Демалу, ұйықтау дегенді ұмыт­тық. Далаға шығуға да рұқсат жоқ еді. Рұқсат болған күннің өзінде уақыт жоқ. Қаптанып киініп, бетімізді тұмшалап жүруге мәжбүр болдық. Бір қызығы, жұмысқа кірісіп кеткен соң бойымызда үрей, қорқынышты біржола ұмыттық. Науқастар жазылып, ауруханадан шы­ғып жатқандағы сәттер біз үшін баға жетпес бақыт еді. Ол уақыттардағы қуа­нышымызды айтып жеткізе алмаспын. Ауруларынан айығып кетіп бара жатса, біз үшін мереке сол, – дейді дәрігер Наркес Әділханова. – Дәрігерлердің, медбикелердің, тазалықшылардың ең­бектері ұшан-теңіз. Қауіпті вирустың дәл ортасында жүрді. Олармен қатар тамақ тасушылар да тыным таппады. Науқастарға туған-туыстары кіруге бол­мағандықтан, олардың сәлем-сауқат­тарын біріші қабаттан күтіп алып, үстіңгі қабаттарға жеткізу солардың мойындарында еді, – деп сабақтады дәрігер әңгімесін.

Қауіпті аймаққа кіруден ешкім бас тартпады. Керісінше, көмекке дайын тұрды. Өйткені олар Гиппократтың ант-суын ішті. Сол антқа адалдықтары үшін алғыс арқалап жатыр. Оның үс­тіне мемлекеттен қомақты көлемде үс­теме­­ақы төленуде. Бірқатар дәрігер «Ха­лық алғысы» медаліне ие болды. Рас, күн-түн демей жүгірген дәрігерлерге ха­­лықтың ризашылығы шексіз. Ақ ха­лат­тылардың арқасында бірінші тол­қын­ның беті қайтты. Бүгінгі таңда об­лыс­та коронавирус жұқтырғандар үшін жасақталған төсектік орынның 17 па­йы­зында ғана науқастар жатыр. Қиын күн­дер артта қалғанға ұқсайды. Дей­ тұр­ғанмен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. «Сақтықта қорлық жоқ». Бас сани­та­риялық дәрігердің қойып отырған талап­тарына құлақ асқан абзал.

 

Соңғы жаңалықтар

Маңызды қадам болды

Парламент • Кеше

Ұқсас жаңалықтар