Өнер • 23 Қазан, 2020

Бегалиндік бейнелер

10 рет көрсетілді

Қылқалам ұшындағы қиял-ғажайып әлем бұл есіммен бұрыннан жақсы таныс деп ойлаймыз. Ал енді былайғы жұрт Бегалин болмысы туралы, оның шығармашылық штрихтары турасында көп біле бермеуі мүмкін. Жалпы, танымалдық талантқа тұсау болмаса керек. Қарағандылық суретші Айбек Кәленұлы Бегалиннің картиналарына үңілген сайын біз осыны аңғарамыз. Суретшілердің шеберлігі турасында айтылған тамаша тәмсіл бар: қатардағы қарапайым суретші бейнелеген аруға сіз қарап тұрасыз, ал ұлы суретшінің ханшайымы сізге қарап тұрады.

 

Бір қызығы, Айбек қылқала­мынан туған құбылыстарға ұзақ қарап тұратын болсаңыз, әлдебір уақыттарда сол құбылыстар өзі­ңізге айналып кеткендей күй ке­ше бастайсыз. Бірте-бірте Бегалин ­бояулары сізге бұрыннан таныс сияқты болып шығады. Міне, өнер!

Әлемдік кескіндемелердің ең үздік жетістіктерін бойына сіңір­ген Айбек Бегалин батыс пен шы­ғыстың көркемдік дәстүрлерін, олардың күрделі символикаларын бір уақытта синтездей білетін сезімтал суретші ретінде бізді өзіне бірден баурап әкетті. Қарапайым қылқалам шеберінің жұмыстарына осы тұр­ғыдан мән бермей өту мүмкін емес. Әрқайсысы жеке әлем сырлы бояулар сізді өзіне ә дегеннен қаратып алады. Жоғарыда да айтқанымыздай, оның виртуалды туындыларына неғұрлым ұзақ қа­расаң, шығарманың мағына­сына, құпиясына соншалық терең­дей бе­руге болады.

«Амазонка», «Жан», «Көкпар», «Уақыт машинасы», «Эдем», «Ме­гаполис» сияқты туындыла­ры автордың кәсіби деңгейін көр­сететін ғажайып еңбектер. Атал­ған картиналардағы символизм, метафора, ондағы уақыт пен кеңістік сізді міндетті түрде пікір­таласқа шақырады. Ең бас­тысы, бұл бояуларға үңілу үлкен дайындықты қажет етеді.

Суретші құпиясының өзі сон­да, оның еңбектеріндегі көп өрнектер көне рәміздерге сүйе­неді, ал енді ондағы бейнелерге терең үңілетін болсаңыз адамзат тарихының тыл­сым қатпарлары жасырынған архетиптерге, мәңгі құпия тақы­рыптарға тап боласың.

Мәселен, «Еркек пен әйел» кар­тинасынан ер мен әйелдің бас­тапқы архетипін байқасаңыз, ға­рыш туралы миф мотивтерінен көбіне кеме образын көп көресің. Кеме – адамзат бастауындағы көне архетиптердің бірі екені белгілі. Кеме – өзгеріс архетипі. Дүниенің жаңару жыры да осы кеме туралы көптеген аңыз-әпсанамен тікелей байланысты. Бегалин бұл ретте «Арман кемесі» сияқты кар­тиналарды осы тақырыптар негі­зінде өз зертханасына өзек етеді.

Жалпы, Айбек полотноларында абстрактіден ақиқатқа, неомодерн­нен дәстүрге оңай көшіп жүре беруге болады. Оның «Өмірден мән іздеген адам», «Көшпенділер», «Ақыл-ой» сияқты картиналарына қарап отырып автордың уақытпен қалай үндестік тапқанына еріксіз таңғаласың. Бегалин бедерлеген уақыт пен біздің уақыттың ара­сы жер мен көктей екенін бі­ле тұрып, екі кеңістік арасын бө­ліп тұрған ешқандай кедергі жоқ­тығын сезінетінің ғажап. Бұл су­ретші талантының тамаша нә­тижесі емей немене?! Уақыт туралы Айбек суретшінің өзі де: «Біз мына әлемге әсер ете алатын жалғыз ресурс ол – уақыт», деп тамаша түйін айтады.

Сондай-ақ біздің бүгінгі ке­йіп­ке­рі­міздің шығармашылық әле­мінен этномәдени мәселелердің де майлы бояуларын көп кездестіру­ге болады. «Сұлтан Бейбарыс», «Тәт­тімбет», «Бүркіт», «Көкпар», «Күрес», «Көшпенділер» сынды картиналардан көне түркі әлемінің бай тарихын, олардың күрескер рухын, шерлі шежіресін бойында қазақ қаны бар кез келген қаракөз ұғады.

Осы жерде ерекше айта кететін бір жайт, Бегалин қылқаламында­ғы қылқұйрықтардың обра­зы еш­қандай суретшіде бұрын-соңды ­кездеспеген тың жаңалықтарға толы. Кескіндемешінің кенеп­те­рінде кісінеген көкмойнақ тұл­парлар жай ғана жануар емес, Ұлы дала төсінде мыңдаған жылдар бойы билік құрған, жарты әлемнің тарихын болат тұяқтарымен жазған тұлпарлардың рухы атой салып жатқан сияқты әсер қалдырады. Олардың дүниені көшіріп кісінеген даусын картинаның алдында тұрып естімеу мүмкін емес. Ойыңа ақын Жәркен Бөдештің «Қу бас аты» түседі.

О, қу бас ат,

Қу бас ат.

Қу бас ат.

Толарсағыңмен тусырылған

құмды асап.

О дүниеден кісінеші, күмбірлеп,

Бұ дүниеде қалайын мен мың жасап.

Бегалиннің байшұбарлары – біз­дің болмысымыз. Ата тарихы­мыздың алтын бастауынан су іш­кен арғымақтардан айбарлы рух, асқақ мінез аңғарасың!..

Сөзіміздің басында да айтып кеттік, Айбек Бегалин кескін­де­мелеріндегі негізгі бағыттар реализм, фантастикалық реализм, нео­модерн. Оны суретшінің картиналарымен «Жексенбі» және «Уақыт машинасы» рок-топтарының DVD дискілері безендірілгенінен-ақ бай­қауға болады. Философиялық жә­не моральдық-этикалық өзекті мә­селелерге арналған «бегалиграфия» техникасында графикалық се­риялар сызған, қазіргі белгілі ав­торлардың шығармаларына ил­люс­трациялар жасаған, тарихи және мифологиялық тақырыптарға картиналар жазған, тарихи жә­не­ заманауи қайраткерлердің порт­­реттерін салған суретшінің ең­бек жолы өнімді де өміршең дер едік. Туындылары КСРО Бүкіл­одақтық Көркемөнер академиясы диплом жұмыстарының көрмесінде, Репин атындағы Ленинград көркем ака­демиялық институтының Бүкіл­одақтық академиялық еңбектер көрмесіне қойылған кескіндемеші Бегалин біз үшін кемел талант.

1

Бұл атап өткен бағыттардан бөлек А.Бегалин поэтикалық пей­заждардың да ауылына ат шалдырып тұрады. Оның әдемі натюрморттарынан нағыз талантқа тән тазалық лебі еседі.

А.Бегалин өзінің ішкі күйін «Жан» картинасында барынша жеткізгісі келеді. Картинаға қа­рап тұрсаңыз оның қанатты пе­гас сияқты қастерлі жаны дү­ние­­нің үстімен ұшып бара жат­қан­дай көрінеді, бүкіл әлемді құ­шақтағысы келген таланттың тағ­дырын танисың!..

Айбек Бегалин қазіргі елордамыз, бұрынғы Цилиноград қа­ласында дүниеге келген таң­ға­жайып туындыгер. 1963 жылы 13 қыркүйекте өмір есігін ашқан суретші туралы қысқаша айта кетсек, Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркем училищесін 1983 жылы, В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркем институтының графика факультетін 1989 жылы тәмамдаған. Кескіндемеші-сурет­ші, Қазақстан Республикасы Су­­ретшілер одағының мүшесі, Көр­­кемөнер академиясының кор­респондент-мүшесі деген бір­лі-жарым атағы болмаса бұл кейіп­керіміздің біз ойлағандай мақтау-марапаты көп емес.

Әрине кез келген талант мақ­тау-марапаттан әлдеқайда биік жа­р­а­тылатыны белгілі. Уильям Шекспир «Мен әрдайым өзімді бақытты сезінемін, неге екенін білесің бе? Себебі мен ешкімнен ештеңе күтпеймін, күту адамды ауруға шалдықтырады. Арзан атақпен өзімнің қымбат өнерімді қорлағым келмейді» депті.

Айбек Бегалиннің қарапайым қоңыр тіршілігінен біз осындай бекзат болмысты аңғардық.

1

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар