Пікірлер . Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
Төртінші онжылдықтың тұжырымдамасы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел газеті «Егеменде» жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласы еліміздің жүріп өткен отыз жыл ішіндегі жеткен жетістіктері ғана емес, жарқын болашағы туралы байсалды талдау жасауымен де қоғамдық санаға сілкініс жасап, ұлтқа бағдар беретін тұжырымдамалық сипатымен оқырманға ой салды. Сондықтан бұл құнды құжатты бүгінгі белесімізді бағамдаған, болашағымызға бағдар берген, қоғам құндылықтарын таным мен талғам таразысынан толғаған, ұлтты ұраншылдыққа емес, ұстамдылыққа үндеген ұлағатты мақала деуге негіз бар.
06 Қаңтар, 2021
Тұлғатану төңірегіндегі түйткілдер
Тұғырлы тұлға ғұмырлы тарихты жасаса, тарлан тарих та тегеурінді тұлғаны тудырады. Дәуір тегершігі айналған сайын тау тұлғалардың керуен жолы аласармай, алыстай түсіп, асқақтай береді. Өйткені адамзат тарихында артына өшпес мұра қалдырып, өркениет көкжиегін кеңейтуге үлес қосқан тұғырлы тұлғалардың болашақ ұрпақ үшін жол бастар темірқазық екені айқын. Ал біздің тарихымыз тұлғаларға кенде емес.
11 Желтоқсан, 2020
Түгел түркінің тұғырлы тұлғасы
Алып бәйтеректей терең тамыры құрлықтарға жайылған түркі әлемін ғасырлар тоғысында түрлендіріп түлеткен, осылайша бауырластыққа жаңаша бай мазмұн берген, түркі интеграциясының архитекторы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені жалпақ жаһанға белгілі.
30 Қараша, 2020
Ізгілікке білте суарған қазақтың дара данасы Абай атамыз отыз тоғызыншы қарасөзінде «бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болса да, артық екі мінезі бар» деп алыстан сермей келіп, «Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болған. Көш қоңды болса, дау жанжалды болса, билік соларда болады. Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе-араздыққа қарамай, жанын салысады», деп сәулелі сөзінің түбіне шамшырағын түсіреді.
28 Қазан, 2020
Даланың жұпары сіңген ақжаулығында ақ бас шыңды Алатаудың асқақтығы бар. Зерлі алқа тағынған, шымқай көк жібек жамылған, дүрия көйлек киінген мейірімнің ең ұлы мекені. Жалғанның жарық сәулесі жауқазындай жанына үйір, жайлауы жасыл желекті жомарт жүрек иесі. Айтыңызшы, бұл дүниеде омырауына көктемнің гүл дестесін оранған анадан артық жан бар ма?!
19 Қазан, 2020
Қарлығаш қадамымды басқанда да, топ-топ баламен түз тозаңын төбеге көтеріп, асыр салғанда да, қия кетіп қиыр шетте жүргенде де жүрекке ұлы есімдей ұялап, көңілден бір уақыт кеткен емес. Қуанышты сүйіншілеп, шаттықты еселеп жеткізетін, аңқа бір кеуіп алабұртқан шақта шөлді басатын сусар мекен. Кепиетін көкірегіме құйып, кесірден сақтаған, кең әлемге жол ашып, даналыққа баптаған кіндігімді кескен жұрт. Бұл – бабамның иісі сіңген топырақ, кіндік қаным тамған жер.
14 Қазан, 2020
Бүгін қазақ мемлекеттігі тарихындағы елеулі күннің бірі. Бұдан тура жүз жыл бұрын, дәлірек айтқанда 1920 жылы 6 қазанда Орынборда ҚАКСР Кеңестерінің құрылтайы өтіп, алғашқы Конституциялық құжат қабылданып, кеңестік қазақ республикасы құрылды. Осы тарихи сәттен 1925 жылға дейін Орынбор қаласы Алаштың астанасы болып тұрды.
06 Қазан, 2020
Құндылықтарынан айырылған қоғамның құбыласынан жаңылған жұртқа айналатыны белгілі. Қырық құбылған мына заманда қаймана қазақ та асыл қазынасын – рухани құндылықтарын жоғалтып жатқандай көрінеді. Сертке сенген, сөзге тоқтаған халық едік, сенімге селкеу түсті. Кез келген жайтқа күдікпен қарап, күмән келтіреміз. Сөздің астарына үңілмей, ақиқатына жүгінбей, айтары жоқ болса да, айқайы бардың айтағына ереміз. «Коронавирус жоқ, пандемия өтірік, бәрі қазаққа чип салу үшін жасалып жатыр екен» деген дақпыртқа да сендік. Ұлы Абайдың «қазақтың шын сөзге нанбай, құлаққа қоймай, тыңдауға да қолы тимей, пәлелі сөзге, өтірікке серттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?» деген сауалы тағы да алдымыздан шықты. Міне, «Абай деген адам болмаған екен» деген сөзге де ден қойып жатырмыз.
27 Шілде, 2020
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың алдында ант беріп, Қазақстан Президенті қызметіне ресми кіріскеніне бір жыл толды. Наурыз айында Президенттік лауазымды қабылдап алғаннан кейін алғашқы сұхбатын ел газетіне берген Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің басты ұстанымдары ретінде сабақтастық, әділеттілік және даму екенін айтқан еді. Сондықтан, сынға толы бұл бедерлі белесті біз «сабақтастық пен әділеттілік салтанат құрған даму жылы» болды деп бағалай аламыз.
12 Маусым, 2020
Мамандардың айтуынша, індетке шалдыққандардың көпшілігінде аурудың белгілері бірден байқалмайды екен. Алайда науқаста белгінің болмауы, онда вирустың жоқтығын білдірмейді. Қайта, симптомсыз жүріп талай жанға жұқтырары анық. Ал иммунитеті әлсіреген тұста шыға келеді. Ол кезде бәрі кеш болуы мүмкін. Қоғамды іштей кеміретін жегіқұрт – рухани індеттер де осыған ұқсас. Мейлі, оны парақорлық, жемқорлық немесе сыбайластық деңіз, қоғам мүшелері ағарып, арылмаған соң, ол қалыпты жағдайға айналып, белгілері байқалмаған күйі бүкіл ағзаға жайыла береді. Бұл – бүгінгі қоғамның кейпі...
04 Маусым, 2020
Әзірет Әлінің «Ғылым бір нүкте еді, надандар оны көп нүктеге айналдырды» деген тағылымды тәмсілі, сүйекті сөзі бар. Осы бір оқшау ойдан таған тартсаңыз, сана ішінде үлкен дүмпу пайда болатындай. Нүкте – адамзат мөрі, болат қорғасындай ауыр, қаққан шегедей мықты. Қаламды ақ параққа қойсаңыз, алдымен нүкте пайда болады. Адамның ғұмыры секілді сөйлем нүктемен басталып, нүктемен тәмамдалады. Леп белгісіндей сымбатты болмаса да, сұрау белгісіндей әдемі өрнектелмесе де, нығыз нүкте – аяқталған тиянақты ойдың жемісі. Бір тармаққа шалқар ойды көгендеп қояды. Тұжырым тудырады, ақиқатты әйгілейді.
03 Маусым, 2020
Ғылым – руханияттың көзәйнегі. Кез келген жаратылыс жұмбағының ішкі астарына үңіліп, жан құпиясын жарыққа шығаратын сана биігіндегі толғам. Алып ақыл иесі Абай атамыз «адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деп тәпсірлейді.
01 Маусым, 2020
Зұлмат, зұлымдық – «қара түнек» деген мағына береді. Саңылаусыз, сәулесіз, соқыр қараңғылық. Күштеу, қинау, қырып-жою, зорлық-зомбылық жасау, адам өлтіру деген мағынасы да бар. Айдың нұры, жұлдыздың жарығы түспейтін түпсіз қараңғылықта жапанда жалғыз қалған адамның бойын қорқыныш билейтіні сияқты, зұлымдық та елдің бойына үрей болып енеді, сөйтіп сүйекке сіңеді. Зұлымдық – қолдан жасалады, зұлматты ұйымдастырған залым болады, ал зобалаңға ұшыраған жұрт «мазлұм» аталады. Бұл орайда «мазлұм» – қазақ халқы, ал «залымның» Сталин екені белгілі.
31 Мамыр, 2020
Жұмырбасты пенденің әуелі қуанышын бейнелеуге асығатын лепті сөйлемдерді ұнататыны жасырын емес. Сымдай тартылған, тіп-тік, қасқайып, қайқайып тұратын, қойылған жерінің мән-маңызын арттырып, айбынын асырып көрсететін бұл айбарлы, маңғаз таңба бір қарағанда кербез кісідей көрінеді. Екі-үшеуі қатар келгенде сөйлемді тіпті түрлендіріп, дауысыңды ерекше көтеріп айтуға мәжбүрлейді. Кез-келген жай сөйлемнің өзін ұран мен үндеуге айналдыра алады. Сүйсінгеніңді, сүйінгеніңді сүйіншілеп тұрады. Бір нәрсенің аяқталғанын және оның жоғары деңгейде орындалғанын да айқындап береді. Бояуы қанық, бәдені бөлек, абыройы артық. Содан ба екен, кез-келген сөйлемнің соңына леп белгісін қоюға әуестене бастағандар бірте-бірте мақтануға, артық пафосқа берілуге, эмоцияның иіріміне түсіп, қиқулап қолпаштауға бейімделе кетеді.
16 Мамыр, 2020
Ассалаумағалейкүм, ағайын! Сексенінші жылдардың бас кезі. Жеті-сегіз жасар ойын баласымыз. Бірде жолды кесіп өте бергеніміз сол еді, жетектеп алған апам кілт тоқтады. Алыста аяңдап келе жатқан бір қарияны көзі шалып қалса керек. Небәрі екі метр жолдан өту үшін әлгі кісіні біраз күтуге тура келді. Жасы үлкен кісіге апамның сәлем салғаны, риза болған қарияның бізге мейірленіп бата бергені, содан кейін ғана жолдан өткеніміз есімде қалып қойыпты.
28 Сәуір, 2020
Өркениет көркем ниеттен басталады. Өрелі өркениетке бастаған сондай көркем ниеттің бір көрінісі – ғұлама әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұнның шығармалары екені анық. Бұл тұста отырарлық ғұлама ислам философиясы арқылы бірнеше мәдениетке ықпал етіп, адамзат өркениетінің өрісін кеңейтсе, таза түркі тілінде жазған баласағұндық бабамыз түркі-ислам өркениетінің қалыптасуына қызмет етті. Осы бұлақтардан сусындаған Абай да араға ғасырлар салып, қазақ өркениетінің негізін қалады.
21 Сәуір, 2020
Жаңғыру «жаңғырыққа» айналмасын десек
Осыдан тура 3 жыл бұрын ел газеті «Egemen Qazaqstanda» жарық көрген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық руханиятқа үлкен серпіліс әкеліп, қоғамға қозғау салғаны белгілі. Халықтың өткенін өнеге етіп, бүгінін бағамдап, болашақ басым бағыттарын айқындап берген бағдарламалық мақала тарлан тарих пен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастырған ұлттық тұғырнама ретінде қабылданды. Әсіресе ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді басшылыққа алу, мәдениетті ұлықтау, білімді культке айналдыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, латын әліпбиіне көшу сияқты мәселелер қоғамда қызу қолдау тауып, ауқымды жұмыстар атқарылды.
14 Сәуір, 2020
Пандемия: Тарих тұрғысынан пайымдау
Тарлан тарихқа жүгінсек, адамзат баласына бірнеше рет оба індеті келіп, миллиондаған адамдардың өмірін жалмағанын көреміз. Мәселен, сақ-скиф дәуірінде де аталған індеттің бар болғандығы туралы деректер кездеседі.
31 Наурыз, 2020
Әуелі Қытай мен Орталық Азияда басталып 1347 - 1351 жылдары арасында Еуропаны қынадай қырған қара өлім - оба індеті 200 миллион адамның жанын алды. Бұл үрейлі індетпен бірге Еуропаның көптеген құндылықтары өзгерді.
30 Наурыз, 2020
Міне, күн мен түн теңелетін, табиғат гүлденетін, барша жұрт ырыздыққа кенелетін Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз келіп жетті. Бағзы бабаларымыздың бұл күнге айрықша мән бергені туралы көне жазбаларда жиі айтылады. Мысалы, грек тарихшысы Квинт Курций Руфтың «Ескендір жорығы» деген еңбегінде Ұлыстың ұлы күні таң шапағы қылаң берген мезетте қаған ордасына күн бейнелі ту тігіліп, алаңға шымқай қызыл киім киген 365 бозбала шығып, жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартқаны туралы тамсана баяндалған. Содан соң елдің батагөй абызы ортаға шығып, ел тілегін Тәңірге жеткізер 9 күйін қобызбен тартады екен. Ал Тан-шу жылнамасында түркілердің көктем мезгілінде тасаттық беріп, Тәңірге тәу ететіні айтылған. Жер-жаһан жаңарған, көңілдер ағарған, дүние тазарған бұл күнді аталарымыз қасиетті тауға барып Тәңірге тәу етіп, көкке ақ шашып, отқа май тамызып тойлаған екен. Рашид ад-дин мен Әбілғазы баһадүр бұл күнді Ергенеқоннан шығуымен байланыстырып, оны еркіндікке қол жеткізген мереке ретінде әспеттейді. Әбу Райхан әл-Бируни түркі жұртының наурызды «жаңа күн» деп тойлайтынын жазған.
22 Наурыз, 2020