Спорт • 23 Қазан, 2020

Тұңғыш мерген

6 рет көрсетілді

Нысана көздеу спорт түрінен қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері – Гүлшат Ахметқызы Майлыбаева. Бұл кісі 1931 жылы 29 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келіпті. Аталған спорт түрі 1896 жылы өткен тұңғыш І Олимпия ойындары бағдарламасына енген. Ал Қазақстанда нысана көздеу спорт түрі 1923 жылдан бастап дамып келеді.

Гүлшат Ахметқызы – орта мектепті тәмамдаған соң 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде оқуын жалғастырып, әрі мылтық ату спортымен айналысады. 1952 жылы Қазақстан құрама командасы сапына қабылданып, алғаш рет Украинаның Львов қаласында өткен Одақ біріншілігіне қатысты. Келесі, яғни 1953 жылы өткен тағы бір ресми жарыс­та кіші калибрлі винтовкамен «МВ – Б» жаттығуын орындау барысында Гүлшат апамыз алуға тиіс 600 мүмкіндіктен 549 ұпай жинап, КСРО спорт шебері нормативін орындайды.

Үздіксіз тер төгудің арқасында арада екі жыл өткен соң, яғни 1955 жылы жоғарыдағы ұпай санын 569-ға жеткізеді. Бұл көрсеткіш сол кезде Қазақстанның жаңа рекорды ретінде тіркелгенін айта кеткен жөн. Одан кейін 1956 жылы өткен КСРО Халықтарының І спартакиадасында қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет ерлер сапында өнер көрсетіп, нысана көздеуден (600 мүмкіндіктен 587 ұпай) өзінің бұрынғы рекордын жаңартты.

 1957 жылы Одесса қаласында өткен КСРО чемпионатында 600 мүмкіндіктен 594 ұпай жинап, біріншіліктен қола медаль алды. Сондай-ақ жатып атудан 200 мүмкіндіктен 200 ұпай жинап, тағы да еліміз рекордын тоқтатты. Бір таңданарлық жағдай, осы рекордты әлі күнге дейін ешкім жаңартқан жоқ.

Гүлшат апамыз спорттық жолында КСРО және ҚазКСР-нің ДОСААФ орталық комитетінің құрамасы сапында өнер көрсетті. 1959 жылдан бас­тап төрешілік қызметін атқарды. Республика және КСРО жарыстарында қазылық етті.

1961 жылы Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетін тәмамдап, жоғары оқу орындарына дәріс оқыды. Білім беру саласында педогогика ғылымдарының кандидаты атағын қорғады. «Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар